Жасанды интеллект жүйесі пациенттерді дәрігер қабылдауына, скринингтік тексерулерден өтуге, флюорография және рентген зерттеулеріне, сондай-ақ балаларды профилактикалық екпелер алуға автоматты түрде шақырады. Скринингтік тексерулерден өту, профилактикалық екпелер алу және басқа да себептермен емханаға келуі қажет азаматтардың аты-жөндері мен байланыс нөмірлері жүйеге енгізіледі. Жасанды интеллект әрбір пациентке хабарласып, нақтылау сұрақтарын қою арқылы оларды тиісті тексерулерге шақырады. Бұл үдеріс операторлардың бақылауында болады және күнделікті түрде өзектендіріліп отырады. Қабылдауға келген азаматтар тізімнен шығарылып, кезек басқа пациенттерге бағытталады.
Жалпы, енгізілген жаңашылдықтар медициналық қызмет көрсетудің тиімділігін арттырып қана қоймай, халыққа көрсетілетін қызмет сапасын жақсартуға және медициналық көмектің қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік беріп отыр.
Кейінгі жылдары біздің мекемеде медициналық көмектің сапасын арттыру мақсатында бірқатар жаңа бөлімшелер іске қосылды. Бұдан бөлек, цифрландыру аясында жасанды интеллект элементтері енгізілген медициналық ақпараттық жүйелер қолданысқа енгізілуде. Профилактикаға бағытталған жаңа бақылау және мониторинг қызметтері де іске қосылды.
– Халыққа көрсетілетін медициналық қызметтердің сапасын арттыру мақсатында бірқатар жүйелі шаралар қабылданды. Ең алдымен, қызмет көрсету процесі толық немесе жартылай цифрландырылып, қағазбастылық айтарлықтай азайтылды. Атап айтқанда, еңбекке жарамсыздық парақтары мен 075 нысанындағы медициналық қорытындылар цифрлық форматта QR-код арқылы берілуде. Сонымен қатар, пациенттерді профилактикалық тексерулерге белсенді түрде шақыру жүйесі жолға қойылды. Бұл бағытта қоңыраулар мен хабарламалар арқылы ақпарат беру жүзеге асырылып, жасанды интеллект негізіндегі дауысты роботтар медициналық қызметкерлердің жұмысын жеңілдетуге мүмкіндік беруде, — дейді Түркістан қалалық емханасының басшысы Ғалымжан Мырзабеков.
Мемлекет басшысы цифрландыру саласында қол жеткізілген жетістіктерді одан әрі арттырып, елімізді жасанды интеллектіні кеңінен қолданатын, цифрлық технологияларды дамытқан мемлекетке айналдыру қажеттігін атап өткен болатын. Осыған сәйкес, қалалық емханада цифрландыру бағытында бірқатар инновациялық жобалар жүзеге асырылуда.
Алдағы уақытта жасанды интеллектіні ақпараттық жүйелермен толық интеграциялау жоспарланып отыр. Бұл жүзеге асқан жағдайда жүйе пациентпен тікелей байланысқа шығып, оны дәрігер қабылдауына өзіне ыңғайлы уақытқа – күні мен сағатын, тіпті минутына дейін нақтылап жазуға мүмкіндік береді. Егер пациент белгіленген уақытта келе алмаса, жасанды интеллект автоматты түрде қайта байланысқа шығып, себептерін нақтылап, қайтадан ыңғайлы уақытқа жазып береді.
Қазіргі таңда емханадағы жасанды интеллект жүйесінің мүмкіндігі жоғары: ол минутына 5 мыңға дейін, ал тәулігіне 100 мыңға жуық азаматқа хабарласа алады.
Сонымен қатар, әйелдер денсаулығын бақылауға арналған цифрлық қадағалау жүйесі енгізілді. «Дені сау ана – дені сау ұрпақ» қағидатын негізге ала отырып, әйелдердің, оның ішінде туу жасындағы және жүкті әйелдердің денсаулығын бақылау толық цифрлық форматқа көшірілді. Бұл бағытта медициналық ақпараттық жүйелер өзара интеграцияланып, «Google Docs» платформасы арқылы онлайн режимде деректер базасы қалыптастырылған. Жүйеде әрбір әйелге қатысты зертханалық және аспаптық тексерулердің нәтижелері, бейінді мамандардың қорытындылары және жеке медициналық ерекшеліктері енгізіледі. Әр дәрігер мен мейіргер өз учаскесіндегі пациенттердің мәліметтерін базаға уақтылы енгізіп отырады. Бұл жүйе арқылы қай пациенттің тексеруден өткенін немесе өтпегенін жедел анықтауға болады. Нәтижесінде мониторинг тиімді жүргізіліп, тәуекел топтағы әйелдерді дер кезінде бақылауға алу мүмкіндігі артты. Бұл өз кезегінде ауыр жағдайдағы жүкті әйелдердің санын азайтуға және ана мен бала өлімінің алдын алуға ықпал етеді.
Сонымен қатар, емханада азаматтармен кері байланысты күшейту мақсатында Telegram-бот енгізілген. Бұл бот арқылы тұрғындар емхана қызметі туралы толық ақпарат алып, жиі қойылатын сұрақтарға жедел жауап таба алады. QR-кодтар емхананың барлық бөлімшелерінде орналастырылған, бұл ботқа қосылуды жеңілдетеді.
Фото: Kapital.kz



