Елімізде жаңа салынған пәтерлер 25-30%-ға қымбаттауы мүмкін. «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы комитетінің алаңында өткен шұғыл жиналыста үй құнының өсуін болжап, дабыл қақты деп жазады Sputnik Қазақстан.
«Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Юлия Якупбаева құрылыс материалдарының бағасы күрт өскеніне баса назар аударды. Құрылысшылардың ақпаратына сәйкес, наурыз-сәуірде арматура тоннасына 198 мыңнан 430-480 мың теңгеге, цемент 16,5 мыңнан 32 мың теңгеге дейін қымбаттаған. Ал кірпіш, газоблок, қадалар 30-60%-ға, битум 45-60%-ға құнын өсіріпті.
Якупбаева осыған байланысты үйлердің бағасы 25-30%-ға өсуі мүмкін екенін айтып, дабыл қақты. Мұндай болжам құрылыс ұйымдары есептеулерінің негізінде жасалып отыр екен.
«Енді нысандардың құрылысын қалай аяқтау мәселесі туындап отыр», — деп жазды ол Facebook-те.
Якупбаеваның айтуынша, елде бағаның күрт өсуін дер кезінде бақылауға алуға мүмкіндік беретін құрылыс материалдары бағасының цифрлық реестрі жоқ. Салдарынан бұрынғы бағамен көрсетілген ескі жобалық-сметалық құжаттама, кадрлық дисбаланс та өзекті проблемалардың біріне айналуда дейді Якупбаева.
«Жылдар бойы шешілмей келе жатқан проблемалармен салыстырғанда, «құрылысты арзандатудағы жеңіс – теңізге тамған тамшыдай. Бұған тұрғын үй құрылысын қолдау бағдарламаларын қысқарту жоспары да қосылады. Бұған қоса, кредит мөлшерлемесі де нарықтағы деңгейге дейін өседі», — деді ол. Ұлттық кәсіпкерлер палатасы тиісті есептеулер мен ұсыныстарды әзірлеп, үкіметке жолдамақ.