Іс-шара барысында шетел азаматтарының тұрғылықты жерлері, құрылыс нысандары, базарлар, ұйымдар мен шетелдіктердің еңбегін пайдаланатын жұмыс берушілер тексеріліп, көші-қон заңнамасын бұзуға байланысты 13 035 құқық бұзушылық анықталды.
Оның ішінде:
болу қағидаларын бұзғаны үшін 9 359 шетел азаматы әкімшілік жауапкершілікке тартылды;
еңбек қызметін заңсыз жүзеге асырғаны үшін 3 828 шетел азаматы жауапқа тартылды;
шетелдік жұмыс күшін заңсыз пайдаланған 882 жұмыс беруші жауапкершілікке тартылды;
өздерінде тұрып жатқан шетелдіктер туралы полиция органдарын уақытылы хабардар етпегені үшін 2 794 жеке және заңды тұлға жауапқа тартылды.
Соттардың шешімімен көші-қон заңнамасын бұзған 1 559 адам ел аумағынан шығарылды. 1 836 шетел азаматының Қазақстан аумағында болу мерзімі қысқартылды.
122 шетел азаматы мәжбүрлі түрде елден шығарылды. Олардың барлығына Қазақстанға бес жыл мерзімге кіруге тыйым салынды.
Сондай-ақ елге заңсыз кірген 14 шетел азаматы анықталды. Аталған фактілер бойынша шекара қызметімен бірлесіп тергеу жүргізіліп жатыр. Халықаралық іздеуде жүрген және өз мемлекеттерінің әділ сот органдарынан жасырынған 21 шетел азаматы ұсталды.
Анықталған құқық бұзушылықтарды талдау нәтижесі көрсеткендей, көптеген жағдайда көші-қон заңнамасының бұзылуына заңсыз әрі тез табыс табуды көздеген Қазақстан азаматтарының өздері себеп болып отыр. Мәселен, Атырау облысында шетел азаматтарын Қазақстаннан көрші мемлекетке заңсыз өткізуді ұйымдастырған Қазақстан Республикасының азаматы ұсталды. Осыған ұқсас фактілер Жамбыл және Павлодар облыстарында да анықталды.
Мысалы, Ақтөбе облысындағы құрылыс нысандарының бірінде еңбек қызметін заңсыз жүзеге асырған 60-қа жуық шетел азаматы анықталды. Осындай дерек Астанада да тіркелді. Мұнда жұмыс беруші Африка мемлекеттерінің алты азаматының еңбегін заңсыз пайдаланған.
Сондай-ақ Алматы және Шымкент қалаларында, Қарағанды, Алматы, Атырау, Маңғыстау, Шығыс Қазақстан, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарында құрылыс нысандарына шетел азаматтарын заңсыз жұмысқа тарту фактілері анықталды. Барлық құқық бұзушы мен олардың жұмыс берушілері заңнамада белгіленген тәртіппен жауапкершілікке тартылды.
Бұдан бөлек, бір жыл ішінде шетелдік жұмыс күшін тарту қағидаларын екі және одан да көп рет бұзған бес жұмыс берушіге қатысты тергеу басталды. Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіне сәйкес оларға қылмыстық жауапкершілік көзделген.
Мұндай фактілер Жамбыл, Қарағанды және Атырау облыстарында, сондай-ақ Шымкент қаласында анықталды.
Фото: Атырау газеті


