Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов вакцина салдырмайтын мұғалімдердің жалақысы қысқара ма деген сауалға жауап берді деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
«Вакцина алмаған ұстаздарға жаңа оқу жылында еңбекақысының 50 пайызы ғана төленеді дейді. Осыны растайсыз ба?», — деп сұрады тұрғындардың бірі министрдің халыққа есеп беру кездесуінде.
Білім және ғылым министрі вакцина алу әр азаматтың өз еркі екенін жеткізді. «Дегенмен біз мектептерді ашамыз десек, өз-өзімізді, жақындарымызды, балаларымызды осы індеттен сақтаймыз десек, онда әрине, басқаларға үлгі көрсетіп, ең бірінші болып вакцина салдыруымыз қажет. Ал жаңағыдай вакцина алмағандарды жұмыстан шығарып жібереді немесе тағы басқа деген мәселелердің қайдан шыққан ақпарат екенін мен білмеймін», — деді Асхат Аймағамбетов.