Оқу-ағарту министрлігі баспасөз қызметінің мәліметінше, енді елімізде мектеп директорлары ондаған жыл «креслода» отырмайды. Мектеп директорларын ротациялау мәселесі жайында Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова 24KZ арнасындағы «Түйін» бағдарламасына берген сұхбатында айтып берді.
«Біріншіден, мектеп директорлығы – адам зейнетке кеткенге дейін отыратын орын емес. Заман өзгерді. Басқару принциптері өзгерді. Мектеп директоры болғысы келетін өте сауатты, білікті, тамаша шығармашыл ұстаздарымыз бар.
Біз осы талантты ұстаздарымыздың арасынан мықты менеджер шығатындай жүйе қалыптастыруымыз қажет. Мектеп директоры біреудің өмір бақи жұмыс орны болмауы қажет», — деді министр.
Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова алдағы уақытта мектеп директорларын ротациялауға байланысты бұйрық талқыланатынын жеткізді. Онда қала мектептері үшін «2+2», ауыл мектептері үшін «3+3» форматы ұсынылады. Бұл мәселені жұмыс тобы пысықтап жатыр.
Келесі оқу жылы басталғанға дейін нақты шешім қабылданады.
Фото: Inbusiness.kz


