Әрине, Мырзакент кентіне алыс-жақыннан келген туристердің, мәртебелі меймандардың, қарапайым жолаушылардың бір мақсаты – көрнекі орындарды тамашалау болса керек. Барлығының әуелі ат басын тірейтін жері – осы аудан орталығы.
Сондықтан Мақтаарал ауданының әкімі Бақыт Асанов саябақтың құрылыс алаңына арнайы барып, атқарылып жатқан жұмыстармен жеке танысты. Нысанды аралау барысында аудан басшысы мердігер мекемеге құрылыс жұмыстарын алдағы 10 күннің ішінде толық аяқтауды тапсырды. Сонымен қатар, кейбір кемшіліктерді түзету бойынша ескертулер берді.
«Бұл саябақ – Мырзакент тұрғындарының демалысы мен бос уақытын тиімді өткізуіне арналған маңызды нысан. Отбасы мүшелерімен серуендейтін, балаларды қыдыртатын мұндай орындар ауданымызда өте аз. Сондықтан, бұл жоба – жергілікті халықтың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған нақты қадам», – деді Бақыт Насырханұлы.
Жаңа саябақ заманауи талаптарға сай абаттандырылып жатыр. Мұнда балаларға арналған ойын алаңшалары, әртүрлі атракциондар, ашық аспан астындағы концерт және мәдени іс-шаралар өткізетін алаң, сәндік субұрқақтар мен жасанды көлшіктер, демалыс орындықтары мен көлікке арналған автотұрақ және көгалдандырылған аймақтар қарастырылған. Бұл нысан тек демалыс орны ғана емес, сонымен қатар жастардың бос уақытын тиімді өткізуіне арналған мәдени орта болмақ.
Саябақтың тапсырыс берушісі – Мақтаарал аудандық сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімі.
Сондай-ақ, Ж.Нұрлыбаев ауылдық округі Ынталы ауылында мәдениет үйі мен кітапхананың құрылысы аяқталды. Бұл құрылысқа 794,0 млн теңге бөлінген. Нысанда мәдениет залы мен кітапханасынан бөлек, спорт залы да бар. Одан бөлек, көрме залдары, үйірмелер мен мәдени іс-шараларға арналған алаңдар болады.
Көпшіліктің пікірінше, бұл нысандар кенттің келбетіне көрік қосып қана қоймай, қауіпсіз әрі жайлы отбасылық демалыс орнына айналмақ.
Фото: Мақтаарал Ауданы Әкімдігі