Аудан әкімі Серік Мамытов аудандық орталық кітапханада болып, қасиетті қазыналарымызды көздің қарашығындай сақтап, насихаттап, ел игілігіне жаратып жүрген осынау мамандық иелерімен, оқырмандармен жүздесті. Ұсыныс-пікірлерін тыңдады.
Бүгінде 59 мыңға жуық кітап қоры бар аудандық орталық кітапханада 3037 оқырман тіркелген болса, 29 209 кітабы бар орталық балалар кітапханасынан жылына 2615 бүлдіршін кітап алып оқиды.
Сала мамандары аудан басшысына 1960 жылы салынған ғимаратқа күрделі жөндеу жүргізуге және заманауи кітап сөрелері мен техникалық жабдықтармен қамтылуларына, жылу жүйелерін қайта жабдықтауға ықпал етуін өтінді. Себебі, 34 жылдан бері күрдеді жөндеу көрмеген ғимаратқа соңғы рет 2012 жылы мемлекет есебінен ағымдағы жөндеу жүргізілген.
Өз кезегінде аудан әкімі кітапханаға заманауи жабдықтар алуға қажетті қаржының бюджеттің мүмкіндігіне қарай шешілетінін және заманауи кітапхана мен музейге арнап Жетісай қаласының аумағын ұлғайтуға бөлінген 80 га аумақтан заманауи қос қабатты жаңа ғимараттың салынуына жұмыс жүргізілетінін айтты.
Сондай-ақ Жетісай ауданының әкімі Серік Мамытов бекітілген жұмыс жоспарына сәйкес Жетісай қаласының орталық көшесі саналатын М.Әуезов көшесінің санитарлық тазалығы мен жасалған қаланың жаңа эскиздік жобасы бойынша орналасатын нысандар мен жаңартылатын инфрақұрылым жұмыстарының жобасымен танысты. Бұған дейін жүргізілген инфрақұрылым жұмыстарының сапасын тексеріп, жауапты сала басшылары мен мердігер мекеме өкілдеріне анықталған кемшіліктерді қысқа уақыт ішінде жоюды тапсырды.
Алдымен аудан басшысы қаланың кіре беріс қақпасының маңындағы тазалық пен көгалдандыру, абаттандыру жұмыстарын жүйелі ұйымдастыруды міндеттеп, көше бойларында орналасқан сауда нысандары мен көппәтерлі тұрғын үй маңындағы арықтар мен бейберекет тасталған тұрмыстық қалдықтарды ретке келтіру керектігін, санитарлық тазалықты сақтау мен вандализмнің алдын алу мақсатында арнайы қоқыс тастайтын орындарға, сауда дүкендері мен көшелердегі бейнебақылау камераларының санын арттыру қажеттігін айтты.
Қаладағы жалпы ұзындығы 200 шақырымға жуық 175 көше мен 34 шақырымды құрайтын арық-атыздардың өткен жылы аудандық және қаланың бюджетінен жалпы ұзындығы 18,08 шақырымды құрайтын 31 көшесіне орта жөндеу жұмыстары жүргізіліп, қала көшелерінің жақсы және қанағаттанарлық деңгейін 71,6 пайызға жеткізсе, биылғы жылдың соңына дейін аудандық және қаланың бюджеті есебінен 14 көшеге орта жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған.
Тағы бір айтары, Жетісай ауданының әкімі Серік Мамытов ауданда салынып жатқан әлеуметтік нысандардың құрылыс барысын аралап көріп, мердігер мекеме басшыларымен жүздесті. Ұсыныс-пікірлерін тыңдап, бірқатар талаптар қойды.
Алдымен, Жетісай қаласының аумағын ұлғайтуға бөлінген 80 гектар аумағында болып, 5 қабатты 32 пәтерлі 2 тұрғын үйдің, 400 орындық балабақша мен «Тұран» мектебі жанындағы аяқсыз қалған аяқжол құрылысын көрді.
Сонымен қатар, Серік Үсенұлы Қызылқұм ауылдық округінің Қосқұдық елді мекеніндегі құрылысы аяқталған спорт алаңшасы мен Қызылқұм елді мекеніндегі құрылысы басталғалы жатқан демалыс аллеясына да барды. Округке кіре берістегі көпірдің жағдайын көріп, тиісті жұмыстарды жүргізуді тапсырды.
Нысандарды аралап, мердігерлер мен жауапты сала басшыларына жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстарына сапалы материалды қолдануды ескерткен аудан басшысы мемлекеттен бөлінген қаржының тиімді жұмсалуы қатаң бақылауда екенін айтты.
Айта кетейік, биылғы жылдың 8 айында ауданда 7 млрд теңгенің құрылыс жұмыстары жүргізілген. Бұл көрсеткіш өткен жылдың тиісті мерзімімен салыстырғанда 4,5 млрд теңгеге артық.
Фото: Жетісай Ауданы Әкімдігі