Аудан әкімі әр сала бойынша орындалып жатқан жұмыстарды жеке-жеке талдап, көрсеткіштердің уақытылы әрі сапалы жүзеге асуы үшін жауапты мамандарға нақты тапсырмалар жүктеді. Сондай-ақ, ауылдық округтер мен кенттердегі жұмыс барысына назар аударып, бірқатар міндеттерді айқындады.
Аппарат мәжілісіне аудандық бөлімдер мен мекемелердің басшылары, ауылдық округтер мен кент әкімдері қатысты.
Сондай-ақ, аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков бірқатар ауылдар мен елді мекендерде болып, жерглікті бюджеттен қаржы бөлініп, тұрғындар игілігі үшін атқарылып жатқан жұмыстардың барысын тексерді.
Алдымен Абай ауылындағы ішкі көшелерге төселген асфальт жабындысының сапасын бақылаған аудан басшысы, кейін аудан орталығында жүргізіліп жатқан су құбырларын алмастыру жұмыстарына назар аударды.
Сапар Аққолтық ауылында жалғасты. Мұнда «КХ-2 Ұланбел–Созақ–Екпінді» бағытындағы облыстық маңызы бар тас жолынан Аққолтық елді мекеніне дейінгі 3 шақырым жолдың жөндеу жұмыстары басталды. Сонымен қатар, ауылдағы фельдшерлік-акушерлік пункт құрылысы да аяқталуға жақын.
Аудан әкімі әр жобаның сапасына ерекше көңіл бөлу қажеттігін атап өтіп, жауапты мамандарға нақты тапсырмалар жүктеді.
Айта кетейік, биыл елді мекендерді байланыстыратын аудандық маңызы бар жолдарды жөндеу жұмыстарының қарқыны артып отыр. Бұған дейін Көктөбе ауылына баратын жол толық жөнделсе, Ақсүмбе ауылына кіреберістегі 12 шақырымдық жолдың құрылысы да қолға алынды.
Жалпы алғанда биылғы жылды Созақ ауданы табыспен аяқтағалы отыр. Аудан көлемінде 7 371 гектар алқапқа егін егілді. Оның ішінде бидай, арпа, жүгері, мақсары, картоп, көкөніс және бақша өнімдерімен қатар, жаңа жоңышқа егістігі бар. Бұдан бөлек, 7 267 гектар алқапта ескі жоңышқа өсірілуде.
Су үнемдеу технологиялары да кезең-кезеңімен енгізілуде. 197 гектарына тамшылатып және жаңбырлатып суару әдістері орнатылып, өнімділікті арттыруға жол ашылды.
Ауыл шаруашылығы техникаларын жаңарту ісі де жүйелі жалғасуда. Жыл басында 33 дана жаңа техника алу жоспарланса, бүгінгі күнге дейін 26 техника жеткізілді. Бұл шаруалардың еңбегін жеңілдетіп, өнім көлемін арттыруға ықпал етуде.
Аудан аумағында балық шаруашылығы да қарқынды дамуда. Қазіргі таңда 15 шаруашылық жұмыс істеп, онда сазан, форель, дөңмаңдай секілді балық түрлері өсірілуде.
Мал шаруашылығы саласында да тұрақты даму байқалады. 2025 жылдың 8 айының қорытындысы бойынша ауданда 42 490 бас ірі қара, 266 329 бас қой, 27 818 бас ешкі, 36 497 бас жылқы, 16 873 бас түйе және 28 247 құс өсірілуде.
Аудандық әкімдік қаржы қарастырып, төтенше жағдай қызметіне де көмек қолын созды. Аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің 30 жылдық мерекесі қарсаңында Созақ аудандық төтенше жағдайлар бөліміне қажетті құрал-жабдықтарды табыстады.
Атап айтқанда, бөлім қызметкерлеріне:
- құтқарушы кеудешесі – 20 дана
- дүрбі – 3 дана
- мегафон (акустикалық жүйе) – 2 дана
- квадрокоптер (дрон) – 1 дана
- бензинді ауа үрлегіш – 20 дана
- өрт сөндіруші металл тұтқасы бар құрал – 120 дана
- спутниктік телефон (Турайа) – 2 дана
табыс етілді.
Шараға аудандық мәслихат төрағасы Ордабек Жәмиев, сондай-ақ аудандық құқық қорғау органдарының басшылары қатысып, құтқарушыларға берілген жаңа жабдықтардың тиімділігімен танысты.
Аудан басшысы Мұхит Сексенбайұлы бұл жабдықтар құтқарушылардың жұмысын жеделдетіп, төтенше жағдайлардың салдарын дер кезінде жоюға мүмкіндік беретініне сенім білдірді.
Ал Созақ аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы, азаматтық қорғау подполковнигі Қанат Ақбаев көрсетілген қолдау үшін алғысын жеткізді. Болуы мүмкін төтенше жағдайлардың алу мақсатында оқу-жаттығу шаралары тұрақты түрде өтіп жатқанын және жаңа жабдықтар бөлім қызметкерлері жұмысының тиімділігін арттыратынын атап өтті.
Фото: GOV.KZ