Ауданға инвестиция тарту, жаңа жобаларды жүзеге асыру арқылы жұмыссыздық деңгейін төмендету бойынша Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтың тапсырмасы аясында бірқатар жобаларды жүзеге асыруды қолға алған Жетісай ауданында аумағы 59 га құрайтын «Жетісай» өңірлік маңызы бар индустриялық аймақ құруға қажетті инфрақұрылымдарды жеткізіп беру мақсатында ЖСҚ әзірленіп, қаржыландыру бойынша тиісті жұмыстар жүргізілуде. Аудан басшысы Серік Мамытов аталмыш аймақта болып, құрылысы жүріп жатқан зауыттардың көрді. Шет ел инвесторларымен кездесті.
Жалпы құны 15 млн АҚШ долларын (7,5 млрд теңге) құрайтын зауыт ауыл шаруашылығы саласына қажетті тамшылатып суғару әдісін жүзеге асыруға арналған құрал-жабдықтар мен пленкаларды шығаратын болады. Соңғы 30 жылда ауданда алғаш рет іске қосылғалы тұрған зауыт аудан экономикасының дамуына тың серпіліс берері сөзсіз.
Бүгінде аудан әкімдігі тарапынан әлеуетті жобаларды іске асыруға ынталы инвесторларымен жүргізілген келіссөздердің нәтижесінде индустриялды аймақта орналастырылуы межеленген жалпы құны 31,2 млрд теңгені құрайтын 9 жобаның 29,9 млрд теңгені құрайтын 6 жобасы, нақтырағы, сүт өңдеу зауыты, мақта өңдеу зауыты, жіп иіру фабрикасы, су үнемдеу жабдықтарын өндіру зауыты, полиэтилен қалдықтарын қайта өңдеу зауыттары 2026 жылы пайдалануға беріліп, жаңадан 1083 тұрақты жұмыс орындары ашылады деп жоспарланып отыр.
Айта кетейік, ауданға 2022 жылы 14,9 млрд теңге, 2023 жылы 25,4 млрд теңге, 2024 жылы 43,7 млрд теңге, ал, биылғы жылдың 8 айында 22,3 млрд теңге қаржы тартылып, соңғы 5 жылда инвесторлар есебінен негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 94,5 млрд теңгеге жеткен. 2024-2030 жылдар аралығында бұл бағытқа 419,6 млрд теңгенің инвестициясын тарту көзделген.
Осы орайда Жетісай ауданының әкімі Серік Үсенұлы Мамытовтың төрағалығымен ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі көрсеткіштері сараланған алқалы мәжіліс болып өтті.
Жиынға аудан әкімінің орынбасарлары мен қала, кент, ауылдық округтердің әкімдері, бөлім басшылары мен құзырлы орган өкілдері, денсаулық сақтау саласы мен квазимемлекеттік мекеме басшылары қатысты.
Агроөнеркәсіптік кешені индикаторлық көрсеткіштерінің орындалуы туралы аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімі басшысының міндетін уақытша атқарушы Ерасыл Зекен баяндама жасаса, аудандық статистика басқармасының басшысы Жұмабек Абсаттаров Ұлттық ауыл шаруашылығы санағы аясында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.
Сонымен қатар, аудандық аумақтық салық басқармасының басшысы Серік Жасұзақов аудандағы субсидия алған кәсіпкерлердің берешек қарыздары туралы баяндап, атқарылып жатқан жұмыстардың барысымен таныстырса, аудандық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Өмірзақ Дүйсебаев ауданға бекітілген негізгі индикаторлық көрсеткіштер бойынша III тоқсан қорытындысы мен болжамды нәтижелері туралы айтты. Жыл басында ауданның әлеуметтік және экономикалық даму деңгейін жүйелі түрде бағалап, талдау жүргізіп отыру мақсатында бекітілген индикаторлар бойынша қол жеткізілген жетістіктер мен кемшіліктер талқыланды.
«Жыл басында бекіткен жоспарларымыздың орындалуы ауданның экономикалық дамуын қамтамасыз ету үшін негізгі бағыттардың дұрыс жүзеге асырылып жатқанын білдіреді. Алайда, кейбір көрсеткіштің орындалмау қаупі бар екендігі де байқалуда. Бұл көрсеткіштердің орындалуы жергілікті басқару органдары мен жауапты мекемелердің тиімді жұмысын талап етеді. Осы мәселені шешу үшін қажетті шаралар қабылдануы тиіс. Әсіресе, қаржылық және әлеуметтік бағдарламалардың жүзеге асырылуында кездесетін кедергілер мен мәселелерді жою мақсатында бар мүмкіндігімізді жұмылдыруымыз керек» деді аудан әкімі алдағы уақытта көрсеткіштердің орындалуын бақылауды күшейтіп, экономика мен әлеуметтік саладағы кемшіліктерді жоюға бағытталған нақты шараларды қабылдауды тапсырды.
Фото: Жетісай Ауданы Әкімдігі