Нақтырақ айтатын болсақ, Сарыағаш ауданының әкімі Арман Абдуллаев Дарбаза және Құркелес ауылдық округтерінде жүргізіліп жатқан инфрақұрылымдық жобалардың жай-күйін пысықтады.
Аудан басшысы Дарбаза ауылдық округіне қарасты Құрысай, Тасқұдық және Сарысу елді мекендерінде жүргізіліп жатқан табиғи газбен қамту құрылысы нысандарын аралап, мердігер мекеме өкілдерінен жұмыс барысы туралы ақпарат алды. Құрылыс сапасына баса назар аударуды, жұмыстарды белгіленген мерзімде толық аяқтауды тапсырды.
Сонымен қатар, Арман Абдуллаев Құркелес ауылдық округіне барып, Ақ үй елді мекеніндегі ауыз сумен қамтамасыз етуге құрылыс жұмыстарының барысын тексерді.
– Елді мекендер үшін ауыз су мәселесі – ең өзекті мәселелердің бірі. Бүгінде аудан тұрғындарын таза ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында кезең-кезеңімен жүйелі жұмыстар атқарылып келеді, – деді аудан әкімі.
Құрылыс нысандарында болған аудан басшысы мердігер мекеме өкілдеріне жұмыс қарқынын күшейтуді, сапалы орындауды тапсырды. Сондай-ақ, тиісті бөлім басшысына және ауыл әкімдеріне атқарылып жатқан жұмыстардың барысы жөнінде тұрақты түрде баяндап отыруды міндеттеді.
Қазіргі таңда, құрылыс алаңында су ұңғымасын бұрғылау жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар, 11 000 метр ауыз су құбыры тартылып, 140 дана су құдықшасы орнатылған.
Аталған жобалар – шалғай ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған маңызды бастамалар.
Сондай-ақ, бюджет қаражатына Сарыағаштың шалғайдағы елді мекендерде инфрақұрылым тарту жұмыстары да қарқынды жүргізілуде. Аудан басшысы Әлімтау ауылдық округіне қарасты Тасқұдық елді мекенінде жүргізіліп жатқан ауыз су құрылысының жай-күйімен танысты.
Аталған жобаның құрылыс-монтаж жұмыстары 2025 жылдың сәуір айында басталған. Құрылыс жұмыстары желтоқсан айында аяқталады деп жоспарлануда. Қазіргі таңда, 2 200 метр ұзындықта ауыз су құбыры тартылып,650 метр тереңдікте ауыз су ұңғымасы бұрғыланған.
Аудан әкімі мердігер мекеме өкілдеріне нақты тапсырмалар беріп, жұмыс сапасына және белгіленген мерзімде аяқталуына ерекше мән беру қажеттігін атап өтті. Нысанды қадағалау міндеті ауданның тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөліміне жүктелді.
Сонымен қатар, аудан әкімі Әлімтау ауылдық округіне қарасты Көктал елді мекенін сапалы электр жарығымен қамтамасыз ету бағытында атқарылып жатқан жұмыстардың барысын тексерді.
Қазіргі уақытта жобаға қатысты құжаттар дайындалып,құрылыс жұмыстары басталған. Тапсырыс беруші: Түркістан облысының Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы. Ауыл шаруашылығын дамыту мақсатында жоба аясында Шытты–Көктал учаскесінде электр желілері мен трансформаторлық қондырғыларды орнату жұмыстары қарастырылған. Бұл жоба ауылдағы егіншілік пен балық шаруашылығы сынды маңызды бағыттарды қолдауға бағытталған
Тағы бір айтары, Сарыағаш ауданының әкімі Арман Абдуллаев Жылға ауылдық округіне арнайы барып, Шайхана елді мекенінде салынып жатқан медициналық нысанның құрылыс жұмыстарымен танысты.
– Қазіргі таңда аудан көлемінде көптеген құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Соның ішінде, ауыл тұрғындарының денсаулығын жақсарту мақсатында медициналық нысандардың құрылысы басты назарда, – деді аудан әкімі.
Медициналық нысанның құрылыс жұмыстарын мердігер «STANDARD SAMPLE» жүргізуде. Нысанның ішкі әрлеу жұмыстары аяқталып, есік-терезелер мен сантехникалық жабдықтар орнатылған. Қазіргі таңда, нысанда сыртқы әрлеу жұмыстары жүргізілуде.
Сарыағаш ауданының әкімі Арман Абдуллаев Жылға ауылдық округіне арнайы барып, елді мекендерді табиғи газбен қамтамасыз ету мақсатында жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстарының барысымен танысты.
Аудан басшысы мердігер мекеме өкілі мен жауапты бөлім басшыларына құрылыс-монтаж жұмыстарын белгіленген мерзімде әрі сапалы түрде аяқтауды тапсырды. Сонымен қатар, аталған жұмыстардың барысын алдағы уақытта қайта келіп, жеке бақылауына алатынын жеткізді.
Қазіргі таңда «Ремстрой» мердігер мекемесі Жылға ауылдық округіне қарасты Жылға, Нұрауыл және Ферма №3 елді мекендерін көгілдір отынмен қамту жұмыстарын жүргізуде.Тапсырыс беруші: ауданның тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі.
Жоба аясында табиғи газ құбырының жалпы ұзындығы – 64,251 шақырым. Оның ішінде: темір табиғи газ құбыры – 24,271 шақырымға, полиэтилен табиғи газ құбыры – 39,980 шақырым ұзындыққа орнату жұмыстары жүргізіледі.
Міне, Сарыағаш ауданында бюджет қаржысына осындай оң тірліктер атқарылуда.
Фото: Сарыағаш Аудан Әкімдігі