Жиын барысында аудан әкімі Арман Абдуллаев өңірдің әлеуетін тиімді пайдалану үшін нақты, жоспарлы әрі жүйелі жұмыстардың маңыздылығына тоқталды:
– Ізденіс, даму, өзгеріс керек. Жан-жақты зерделеп, тиісті жұмыс жүргізіңіздер. Жүйелі жұмыс қажет, – деді аудан басшысы.
Аудан әкімі ұсынылған жобаларға қолдау көрсетілетінін мәлімдеп, олардың жүзеге асырылуы барысында туындайтын мәселелерді шешу үшін тиісті сала басшыларына нақты тапсырмалар жүктеді. Сонымен қатар, бекітілген Жол картасы аясындағы жобалар мен олардың іске асырылу барысын саралап, жүйелі жұмыс жүргізуді кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөліміне тапсырды.
Айта кетсек, ауданның даму жоспарына сәйкес 2030 жылға дейінгі нақты жобалар тізімі әзірленуде. Басым бағыттардың қатарында: өндіріс орындарын ашу, ауыл шаруашылығында жаңа технологияларды енгізу арқылы өнімділікті арттыру, туризм саласын дамыту мәселелері қамтылған.
Жиынның негізгі мақсатты – әкімшілік кедергілерге жол бермеу, рұқсат беру құжаттарын рәсімдеуді жеңілдету, сондай-ақ шағын және орта бизнесті дамытуға бағытталған мемлекеттік қолдау тетіктері туралы кәсіпкерлерді дер кезінде ақпараттандыру. Сонымен қатар, жобаларды сүйемелдеу және жаңа жұмыс орындарын ашу мәселесі де басты назарда.
Сондай-ақ, бюджет қаржысына Сарыағаш ауданындағы елді мекен көшелеріне жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Сарыағаш ауданының әкімі Арман Абдуллаев Қабланбек ауылдық округіндегі бірқатар құрылыс нысандарын аралап, атқарылып жатқан жұмыстардың барысын пысықтады. Аудан басшысы Сіргелі елді мекенінің ішкі көшелеріне жүргізіліп жатқан орташа жөндеу жұмыстарының жай-күйін саралады. Аудан әкімі жөндеу жұмыстарының сапасы мен мерзімінде орындалуын ерекше бақылауға алатынын айтып, нақты тапсырмалар жүктеді. Атап айтқанда, ауданның жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Қ.Тұрсынбаевқа техникалық қадағалауды күшейту тапсырылса, Қабланбек ауылдық округінің әкімі Н.Турдалинге күнделікті бақылау мен үйлестіру жұмыстары жүктелді.
Сіргелі елді мекеніне қарасты Қызқұдық, Ескұлов және Д. Спанов көшелерін қамтитын жалпы ұзындығы 1,75 шақырым жолға жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Аталған жобаны іске асыру үшін жергілікті бюджет есебінен қаржы бөлініп, құрылыс жұмыстары басталып кетті. Жөндеу жұмыстарының тізбесіне: асфальт жабындысын төсеу, көше жарықшамдарын орнату, жаяу жүргіншілер жолын және су науаларын орнату жұмыстары қарастырылған. Мемлекеттік сатып алу конкурсының нәтижесінде «Bairkum» ЖШС мердігер мекеме ретінде анықталып, іске асыруда.
Тағы бір айтары, Сарыағаш ауданының әкімі Арман Абдуллаевтың қатысуымен Әлімтау ауылдық округінің елді мекендерін табиғи газбен қамтамасыз ету мәселесіне арналған жұмыс кеңесі өтті.
Талқылау мәжілісіне Түркістан облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының, “ҚазТрансГаз Аймақ” АҚ-ның, жобалаушы мекеменің жауапты мамандары, Сарыағаш ауданының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің және аудандық газ шаруашылығының өкілдері қатысты.
Мәжіліс барысында Әлімтау ауылдық округіне қарасты елді мекендерді табиғи газбен қамтамасыз етуге қатысты жобалық-сметалық құжаттардың жай-күйі, құрылыс-монтаж жұмыстарының барысы және алда тұрған міндеттер егжей-тегжейлі қаралды. Қатысушылар тарапынан бірқатар ұсыныстар айтылып, өзекті мәселелер бойынша шешу жолдары талқыланды.
Аудан әкімі Арман Абдуллаев мәселенің маңыздылығын ерекше атап өтіп, тиісті сала басшыларына нақты тапсырмалар берді. Сонымен қатар, жұмыстардың белгіленген мерзімде және сапалы орындалуының маңыздылығына назар аударды.
Фото: Сарыағаш Аудан Әкімдігі