Атап айтқанда, жергілікті атқарушы органдар тарапынан арнайы топтар құрылып, бейнекамералар арқылы бақылау жұмыстары жүріп жатыр. Қазіргі таңда тек Түркістан қаласының өзінде 514 бейнебақылау камерасы үздіксіз жұмыс істеп тұр. Ал өңірдегі аудандармен қоса есептегенде жалпы 709 камера орнатылған. Бұл камералар қоғамдық тәртіпті сақтау мен экологиялық құқықбұзушылықтардың алдын алуға септігін тигізуде.
Осы ретте, «Smart Turkistan» жобасы шеңберінде жұмыс істейтін «Ахуалды реттеу орталығының» қызметкерлері бейнебақылау арқылы қоқыс тастаған азаматтарды байқап, жедел түрде учаскелік полиция қызметкерлеріне хабар береді. Нәтижесінде тәртіп бұзушы дер кезінде анықталып, тиісті әкімшілік шаралар қолданылады. Мұндай жүйелі жұмыстар тұрғындарға экологиялық мәдениетті қалыптастыру, қоршаған ортаны таза ұстауға шақыру және құқықбұзушылықтың алдын алуға бағытталған. Алдағы уақытта камералар санын арттырып, қоғамдық орындардағы бақылау жұмыстарын күшейту жоспарланып отыр.
Сондай-ақ, Түркістан қаласында қоқыс жәшіктері жаңартылып жатыр.
Қала тазалығы мен тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыру – шаһар мәдениетінің деңгейін айқындайтын маңызды көрсеткіштердің бірі. Урбанизация қарқынының артуына байланысты тұрмыстық қалдықтардың көлемі өсіп, оларды уақтылы жинау мен залалсыздандыру ісіне қойылатын талап та күшейіп отыр. Осы ретте, Түркістан қаласында қоқыс жәшіктерін жаңарту және санитарлық тазалықты қамтамасыз ету бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде.
Қазіргі таңда қалада 500-ден астам жаңа қоқыс жәшігі орнатылған. Сонымен қатар, жарамсыз болып қалған қоқыс жәшіктері ретке келтіріліп, қаладағы бұрын арнайы контейнер қойылмаған орындарға ауыстырылды. Бұл өз кезегінде қоқыс жинау инфрақұрылымын кеңейтіп, тұрмыстық қалдықтарды ретке келтіруге мүмкіндік береді. Айта кетейік, қала аумағында жалпы 875 көше бар. Оның ішінде, 30 көше күнделікті, 120 көше аптасына үш рет, ал қалған 725 көше аптасына бір рет тазаланады.
Тағы бір айтары, Келес ауданы көлемінде биылғы көктем және күз маусымында жалпы 50 мыңнан астам түп көшет отырғызу жоспарланған.
Көктемгі жұмыстар нәтижелі атқарылып, облыстық комиссия Келес ауданындағы көшеттердің өсіп-жетілу деңгейін жоғары бағалады. Күзгі науқан аясында ауылдық округтер мен мекемелерге бөлінген көшеттер арық-өзен бойларына, қоршалған аумақтарға және көктемде қурап қалған көшеттердің орнына отырғызылады.
Жалпы күзгі маусымда аудан бойынша шамамен 130 гектар жерге 24 мыңнан астам түп көшет егілмек. Суару жүйелері әзірленіп, қажетті аумақтарда тамшылатып және сорғы арқылы суару тәсілдері қолданылады. Күзгі көгалдандыру науқаны аудандағы экологиялық ахуалды жақсартуға, жасыл аймақтарды арттыруға және тұрғындардың тұрмыс сапасын көтеруге ықпал етпек.
Ал, Созақ ауданында ауыл-аймақтардың көшелеріне асфальт төселіп жатыр. Созақ ауданындағы елді мекендердің ішкі көшелеріне асфальт төсеу жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков Абай ауылында төселген асфальттың сапасын тексеріп, аудан орталығындағы су құбырларын алмастыру барысымен танысты. Сонымен қатар, аймақ басшысы «КХ-2 Ұланбел-Созақ-Екпінді» бағытындағы облыстық маңызы бар тас жолдан Аққолтық елді мекеніне дейінгі 3 шақырым жолды жөндеу жұмыстары мен ауылдағы фельдшерлік-акушерлік пункттің құрылысын бақылады.
Аудан әкімі мердігер мекеме өкілдеріне әр нысанның сапасына ерекше назар аудару қажеттігін айтып, жауапты мамандарға нақты тапсырмалар жүктеді. Биыл аудандағы жол жөндеу жұмыстарының қарқыны артқан. Бұған дейін Көктөбе ауылына апаратын жол толық жөнделсе, Ақсүмбе ауылына кіреберістегі 12 шақырымдық жолдың құрылысы басталған.
Былайша айтқанда бюджет қаржысы барлық салада тиімді жұмсалуда.
Фото: Толқын