Мақтаарал ауданының әкімі Бақыт Асанов пен аудандық мәслихаттың төрағасы Қадыр Сәрсекбаев құрылыс жұмыстарының барысымен танысып, мердігер тарапынан жүргізіліп жатқан жөндеу жұмыстарының сапасын бақылады. Жолдың Мақтаарал ауданындағы бөлігінің жалпы ұзындығы — 24,1 шақырым. Құны 3 миллиард теңге болатын жобаның құрылысын мердігер мекеме «Максдорстройсервис-21» ЖШС жүргізуде. Тапсырыс беруші — «ҚазАвтоЖол» ҰК АҚ Түркістан облыстық филиалы. Нысан 2026 жылы аяқталатын болады.
Жоспарға сәйкес, жолдың ортасындағы ескі жиектер алынып, қазіргі таңда олардың орнына жаңаларын орнату жұмыстары басталды. Аудан басшысы мердігер ұйымға жол сапасын қатаң бақылауда ұстауды, жұмыстарды уақытылы әрі сапалы аяқтауды тапсырды. Сонымен қатар, жөндеу жұмыстары жүріп жатқан кезеңде жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша нақты ұсыныстар берді.
Сондай-ақ, Сауран ауданында елді мекендердің жолдары жөнделіп жатыр. Сауран ауданының елді мекендерінде тұрғындардың күнделікті тұрмысын жақсартуға бағытталған инфрақұрылымдық жобалар жүйелі жүзеге асып келеді. Соның ішінде Жүйнек елді мекеніндегі ауылдардың ішкі жолдарын орташа жөндеу жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Атап айтқанда, жалпы ұзындығы 11,15 шақырымдық жол жөндеуден өтіп жатыр. Аудан әкімі Мақсат Таңғатаров атқарылып жатқан жұмыстардың барысын бақылап, мердігер мекеме өкілдеріне жол сапасына ерекше мән беруді тапсырды.
Сонымен қатар, ауылішілік жолдарды жөндеу — тұрғындар үшін қолайлы жағдай қалыптастыруға, әлеуметтік-экономикалық дамуға және көлік қатынасын жеңілдетуге зор мүмкіндік беретінін атап өтті. Жоспарға сәйкес, жол жөндеу жұмыстары 2025 жылдың қазан айының соңына дейін толық аяқталады деп жоспарланған.
Ал, Созақ ауданында ауыл-аймақтардың көшелеріне асфальт төселіп жатыр. Нақтырақ айтсақ, Созақ ауданындағы елді мекендердің ішкі көшелеріне асфальт төсеу жұмыстары қарқынды жүруда. Созақ ауданының әкімі Мұхит Тұрысбеков Абай ауылында төселген асфальттың сапасын тексеріп, аудан орталығындағы су құбырларын алмастыру барысымен танысты. Сонымен қатар, аймақ басшысы «КХ-2 Ұланбел-Созақ-Екпінді» бағытындағы облыстық маңызы бар тас жолдан Аққолтық елді мекеніне дейінгі 3 шақырым жолды жөндеу жұмыстары мен ауылдағы фельдшерлік-акушерлік пункттің құрылысын бақылады.
Аудан әкімі мердігер мекеме өкілдеріне әр нысанның сапасына ерекше назар аудару қажеттігін айтып, жауапты мамандарға нақты тапсырмалар жүктеді. Биыл аудандағы жол жөндеу жұмыстарының қарқыны артқан. Бұған дейін Көктөбе ауылына апаратын жол толық жөнделсе, Ақсүмбе ауылына кіреберістегі 12 шақырымдық жолдың құрылысы басталған.
Жалпы алғанда, Түркістан облысында «Қорғау — қауіпті жүргізуші!» мобильдік қосымшасы арқылы 11 мыңнан астам автокөлік анықталып, барлығы арнайы айыптұраққа жеткізілді. Көлік жүргізушілеріне жалпы құны 1 млрд 163 млн теңге айыппұл салынды. Бұл туралы Түркістан облысы Полиция департаментінің Жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының орынбасары Ерлан Ержігітұлы мәлімдеді.
«Биыл 14 қыркүйек күні «Бір күн – жол-көлік оқиғасыз» акциясы барлық ауданда бір уақытта өткізілді. Жаңа оқу жылының басталуына байланысты облыс көлемінде 2 575 білім беру ұйымының алдында жаяу жүргіншілер өткелдері жаңартылды. Жыл басынан 39 мыңнан астам жол апатына тікелей әсер ететін құқық бұзушылықтардың жолы кесілді. Атап айтқанда, 38 116 жаяу жүргінші жолдан өту ережесін бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Ал, 524 көлік жүргізуші жолдың қарсы бағытына шыққаны үшін көлік жүргізу құқығынан айырылды. Сонымен қатар, 605 жүргізуші көлікті спирттік ішімдік ішіп басқарғаны үшін көлік жүргізу құқықтарынан шеттетілді. Жыл басынан бері жол қозғалысы саласында 673 мыңға жуық әкімшілік құқық бұзушылық анықталды. Ішкі істер министрінің нұсқауы бойынша биыл 15-30 қыркүйек күндері аралығында республика көлемінде «Қауіпсіз жол» алдын алу іс-шарасы өтіп жатыр. Іс-шарасының негізгі мақсаты – жол қозғалысы қатысушылары арасында құқық бұзушылықтың алдын алу, жол көлік оқиғаларының санын азайту, жүргізушілер мен жаяу жүргіншілердің жол қозғалысы ережелерін сақтауын қамтамасыз ету»-деді спикер.
Фото: maktaaral.kz