Кездесу барысында тараптар кәсіпкерлікті дамытудың өзекті мәселелері және бизнесті қолдау бағдарламаларын жүзеге асыру жайын талқылады. Өңірде бизнесті қаржыландыруды ыңғайлы етіп, ортақ процестерді оңтайландыру жолдары сараланды. Негізгі мақсат – кәсіпкерлер мүддесі мен шағын және орта бизнесті қолдау бағдарламаларын тиімді жүзеге асыру.
Кездесу барысында облыс басшысы түркі дүниесінің рухани астанасы саналатын Түркістанның тек мәдени орталық қана емес, сонымен қатар инвестиция мен кәсіпкерлікке қолайлы аймақ болуы қажеттігін атап өтті.
– Біздің міндетіміз – Түркістан облысын кәсіпкерлік үшін тартымды, қолайлы әрі сенімді аймаққа айналдыру. Мемлекет басшысы ұдайы айтып жүргендей, экономикалық өсімнің негізі – шағын және орта бизнес. Бұл бағытта «Даму» қоры еліміздегі негізгі құралдардың бірі болып отыр. Сондықтан біз әріптестік байланыстарды күшейтуге, бірлескен жобаларды жүзеге асыруға мүдделіміз, – деді Н.Көшеров.
Бүгінде Түркістан облысында 216 мыңнан астам шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі тіркелген. Бұл көрсеткіш бойынша өңір республика көлемінде алғашқы үштіктің қатарында. Тек 2024 жылдың өзінде облыстағы кәсіпкерлерге 699 жоба аясында 60,3 млрд теңге жеңілдетілген несие берілді. Сонымен қатар 701 жоба 60,6 млрд теңге көлемінде кепілдендірілді. Бұл көрсеткіштер кәсіпкерлерге нақты қолдау көрсетіліп жатқанын білдіреді.
2025 жылдың 7 айында 181 жоба 22,8 млрд теңге көлемінде қаржыландырылды. Жергілікті бюджеттен субсидиялау бағдарламасына 2,8 млрд теңге, ал республикалық бюджеттен 13,86 млрд теңге бөлінді. Қазіргі таңда облыс кәсіпкерлеріне жаңа жобаларды субсидиялау үшін қосымша қаржы аудару мәселесі де қарастырылып жатыр.
Кездесуде биыл іске қосылған «Өрлеу» бағдарламасының тиімділігі туралы да кеңінен сөз болды. Бағдарлама арқылы өңдеу өнеркәсібі, туризм, көлік, білім, денсаулық сақтау салаларындағы кәсіпкерлер жеңілдетілген несиеге қол жеткізе алады. Жыл соңына дейін бағдарламаға 750 млрд теңге бөлінеді, оның ішінде 300 млрд – мемлекеттік қаржы, 450 млрд – екінші деңгейлі банктер есебінен.
Бүгінде Түркістан облысы бойынша жалпы 14 жоба 8,5 млрд теңге сомасында мақұлдаудан өтті. Бұл – бағдарламаның өңірде сәтті іске асып жатқанын көрсетеді.
Кәсіпкерлік жобаларды қаржыландыру, шағын және орта бизнесті дамыту, инвесторлармен бірлескен бастамаларды қолдау бағытында тығыз әрі жүйелі жұмыстар жалғасады.
Жалпы алғанда Түркістан облысының әлеуметтік-экономикалық дамуына келетін болсақ, алдын-ала есеп бойынша 8 айда жалпы өңірлік өнім көлемі 3 трлн. теңгеге жетіп, қысқа мерзімді экономикалық өсім 115,8 пайыз деңгейінде қалыптасты. Негізгі макроэкономикалық көрсеткіштердің оң өсімі сақталды. Өнеркәсіп саласында 982,3 млрд. теңгеге өнім өндіріліп, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 13,1 пайызға артты.
Облыстың өнеркәсіптік әлеуетін дамыту мақсатында биыл өңдеу саласында 61 млрд. теңгеге 18 жобаны жүзеге асыру жоспарланса, 8 айда 3 ірі зауыт іске қосылды. Бұдан бөлек, Созақ ауданында жоба құны 74,7 млрд.теңгені құрайтын табиғи уранды өңдеу зауыты ашылды. Жалпы 100 га аумаққа Шағын өнеркәсіптік парк жобасы аясында 152 өндірістік ғимарат салу жоспарланған. Өткен жылы 11 ғимарат салынып, құны 36,5 млрд. теңгеге 11 жоба іске қосылды.
Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасымен, өңірімізде өңдеу өнеркәсібін дамыту үшін «Орталық Азия» халықаралық өнеркәсіптік кооперация орталығы» құрылды. Мұнда кәсіпорындар ашылып, 3000 жұмыс орны құрылады деп жоспарланған. Жыл басынан өңірге 783 млрд. теңге инвестиция тартылды. Бұл өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 1,3 есе жоғары.
Түркістан – туризм үшін де қолайлы өңір. Облыста туристерге ұсынылатын негізгі 3 бағыт айқындалған: тарихи-танымдық, экологиялық және емдік-сауықтыру туризмі. Облыста тарихи-танымдық бағытта туристерді тартатын 1783 тарихи-мәдени ескерткіш бар. Экологиялық туризм бағыты бойынша облыс аумағында 4 ерекше қорғалатын табиғи аймақтар орналасқан. Емдік-сауықтыру туризмі бағытында 117 емдік-сауықтыру орны жұмыс істейді. Туристерге қызмет көрсететін 251 орналастыру орны, 298 демалыс орны бар.
2025 жылдың 6 айында өңірдегі орналастыру орындарында демалғандар саны 151 мың адамға жетіп, өткен жылдың тиісті кезеңінен 7%-ға өскен. Табиғи аумақтарға 123,2 мың адам саяхаттап, өткен жылдың тиісті кезеңінен 29,5%-ға артқан.
Фото: Егемен Қазақстан



