38 жоғары оқу орны бейінді емес бағыттар бойынша 150-ден астам лицензияға қосымшадан айырылды.Бұл жайында Білім және ғылым министрлігінің баспасөз қызметі мәлімет таратты.
Өткен жылдан бастап 38 жоғары оқу орны бейінді емес бағыттар бойынша 150-ден астам лицензияға қосымшадан айырылды. Тағы төрт университет биыл оқу жылы аяқталғаннан кейін 14 бағыт бойынша лицензиясын қайтарады.
ҚР БҒМ Білім және ғылым саласында сапаны қамтамасыз ету комитеті жоғары оқу орындарын бейіндеу бойынша жұмыс жүргізіп жатыр. Біліктілік талаптарына сәйкес келмейтін бағыттар бойынша лицензияға қосымшаны мемлекеттік жоғары оқу орындары да, жекеменшік білім ордалары да қайтарады.
«Білім және ғылым саласында сапаны қамтамасыз ету комитеті жоғары оқу орындарында сұранысқа ие емес лицензиялар бойынша мониторинг жүргізді. Кейбір университеттерде 1-4 курстарда барлығы 10-15 студент немесе әр курста 3-4 адамнан оқитын бағыттар бар екенін көрдік. Мысалы, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінде бакалавриаттың «мал шаруашылығы», «су ресурстары» және «суды пайдалану» бағыттары бойынша білім алатын студенттердің саны аз. Аталған мамандықтар бойынша тек 10-18 адам оқиды. Мұндай жағдай басқа да университеттерде кездеседі. Жоғары оқу орындары қолданыстағы лицензиялар бойынша ревизия жүргізеді және директорлар кеңесінің отырысында кадр даярлаудың бейінді емес бағыттары бойынша лицензияны қайтару туралы шешім қабылдайды», – дейді ҚР БҒМ Білім және ғылым саласында сапаны қамтамасыз ету комитетінің төрайымы Гүлзат Көбенова.