Сенатор Бекболат Орынбеков депутаттық сұранысында Жамбыл облысының инфрақұрылымдық мәселелеріне назар аударды.
«Жергілікті органмен жылу желілерін қайта жаңғырту бойынша 14 жоба әзірленіп, бүгінде салалық министрлікке ұсынылған. Жобалар іске асырылғанда, жылу құбырларының тозу деңгейін Тараз қаласында 12%-ға және Шу қаласында 21%-ға төмендетіп, өңірдің инфрақұрылымдық жағдайына оң септігін тигізетін болады», – деді Бекболат Орынбеков.
Сенатор сондай-ақ Тараздағы «Шапағат» жаңа шағын ауданындағы проблемаларды атап өтті. Мұнда жүздеген тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандар салынуы жоспарланған, бірақ қазіргі қосалқы станцияның қуаты жеткіліксіз болғандықтан, тұрақты электрмен қамтамасыз ету мәселесі шешілмеген. Осыған байланысты қосалқы станцияны кеңейту және тарату мен трансформаторлық станцияларды салу жобасы ұсынылды, оған 2026–2027 жылдары республикалық бюджеттен шамамен 10 млрд теңге қосымша қаржы қажет.
«Жамбыл облысы – халық саны мен кірістер өсіміне қарамастан, республикалық бюджетке тәуелді дотациялық өңір ретінде қала бермек. Облыс бюджетінің өзіндік кірістері жалпы шығындардың тек 26%-ын, еңбекақы қорының шамамен 66%-ын ғана қамтиды. Бұл – өңірдегі ауқымды мәселелерді өз деңгейінде шешуге мүмкіндік бермейді», – деді сенатор.
Осыған байланысты Бекболат Орынбеков 2026–2028 жылдарға республикалық бюджеттен тиісті қаражат бөлу қажеттігін атап көрсетті.
Фото: taraztec.kz