Сонымен қатар мектептер мен балабақшаларда қауіпсіздікке бағытталған жасанды интеллектке негізделген бақылау жүйесін енгізу көзделуде. IT мамандарын даярлау үшін қыркүйек айының соңында «Woosong Kazakhstan» IT университеті ашылады. Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров аталған оқу орнымен тығыз байланыс орнатып, нақты іс-шара жоспарын бекітуді тапсырды.
– Мемлекет басшысы халыққа Жолдауында еліміздің экономикалық, әлеуметтік және технологиялық дамуын қамтитын жеті басым бағытты нақты айқындап берді. Жасанды интеллектіні дамытудан бастап, инвестиция тартуға дейінгі әлеуметтік -экономикалық дамудың стратегиялық міндеттері белгіленді. Ендігі міндет – осы бағыттар бойынша нақты жобалар әзірлеп, жүйелі жұмыс жүргізу. Президент Жолдауы – әр салаға арналған нақты бағдар. Бұл – жаңа экономикалық серпіннің негізі. Түркістан облысы Жолдаудағы барлық бағыттарды нақты істермен жүзеге асыруға күш салады, – деді облыс әкімі.
Нұралхан Көшеров Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау мақсатында өңірде атқарылып жатқан нақты жұмыстарға тоқталды. Облыста арнайы инвестиция басқармасы құрылып, 2025–2028 жылдар аралығында жалпы құны 2,5 трлн теңге болатын 111 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарлануда. Бұл жобалар нәтижесінде 24 мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде. 2025 жылдың алғашқы 7 айында негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі 695 млрд теңгеден асып, жоспар артығымен орындалды. Сонымен қатар «TURAN» арнайы экономикалық аймағында шетелдік «HANYA» компаниясымен бірлесіп өндірістік парк салу жұмыстары басталды. Облыс әкімі әлеуметтік кәсіпкерлік корпорацияны даму институтына айналдыру бойынша нақты іс-шара жоспарын бекітуді тапсырды.
Н.Көшеров ішкі және сыртқы нарықта бәсекеге қабілетті, терең өңделген өнім шығаруға басымдық берілетінін айтып, өңдеу өнеркәсібі саласындағы 60,7 млрд теңгенің 18 жобасын жүзеге асыру жұмыстарын жандандыруды тапсырды. Сондай-ақ өңдеу өнеркәсібіне инвестиция тарту көлемін арттыру бойынша тиісті шараларды қабылдауды міндеттеді. Өңірде агроөнеркәсіп кешенін дамыту және агробизнесті қолдауға басымдық берілуде. Су үнемдеу технологиялары 114 мың гектарға енгізілген. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, бұл көрсеткішті 2030 жылға дейін 216 мың гектарға жеткізу көзделуде. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы жерлерін цифрлық форматта әділ үлестіру мәселесі күн тәртібіне шықты.
Кеңес барысында облыстың көлік-логистикалық әлеуетін арттыру мәселесі де қаралды. «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» дәлізі бойында сервистік инфрақұрылымды дамыту, жол сапасын жақсарту және көлік дәліздерінен қосымша табыс көздерін қалыптастыру тапсырылды. Сонымен қатар «Дарбаза – Мақтаарал» теміржол желісінің құрылысын мерзімінде аяқтау – ерекше бақылауда.
Энергетика саласында облыстың тұтынатын электр қуатының 75%-ы сырттан тасымалдануда. Бұл мәселені шешу үшін жалпы қуаты 2,4 ГВт болатын 6 ірі жоба іске асырылуда. Қосымша энергия көздерін тарту міндеті де қойылып отыр. Ауыз су мәселесі де кеңінен талқыланды. Бүгінгі таңда Түркістан облысындағы 801 елді мекеннің 763-і (оның ішінде 7 қала және 756 ауыл) немесе 98,1%-ы орталықтандырылған ауыз сумен қамтылған. Орталықтандырылған ауыз құбыры тартылмаған 38 елді мекен бар, 192 елді мекенде ауыз су кесте бойынша беріледі. Кейбір елді мекендерде су көздерінің дебеті азайған, су жүйелері тозған. Бұл мәселелерді шешу үшін кешенді шаралар қабылдануда. Президенттің 2025 жылға дейін елді мекендерді 100% ауыз сумен қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмасы – басты міндеттердің бірі.
Денсаулық сақтау саласында Ордабасы және Сарыағаш аудандарында перинаталдық орталықтар салу үшін жобалық-сметалық құжаттарды жедел әзірлеу тапсырылды. Сонымен қатар, 570 көпбейінді аурухананың құрылысын жандандыру бағытында нақты жұмыстар қолға алынады.
– «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында өткен жылы 13 мектеп пайдалануға беріліп, биыл жыл соңына дейін қосымша 16 мектеп пайдалануға берілмек. Биыл пайдалануға тапсырылатын мектептердің құрылысын мерзімінде аяқтауды қамтамасыз ету қажет. Президент Жолдауындағы негізгі бағыттарға арнайы тоқталдым. Енді осы тапсырмаларды мерзімінде және сапалы орындау үшін арнайы іс-шаралар жоспарын әзірлеп, бекітуді тапсырамын, – деді облыс әкімі Нұралхан Көшеров.
Фото: Ertenmedia