Ал биылғы жылдың сегіз айында 938 қылмыс тіркелген. Яғни, жасөспірімдер арасындағы қылмыстар бойынша жылдық көрсеткіш өткен жылдан да асып кетуі мүмкін. Әсіресе, бұл Шымкент (131), Алматы (115) және Астана (92) қалаларында өршіп отыр.
Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев балалар мен жасөспірімдер арасында құқықбұзушылықтар мен ауыр қылмыстар толастамай отырғанынан алаңдаушылық білдірді.
«Басқасын айтпағанда, бір ғана Жамбыл облысында жаңа оқу жылы басталғаннан бері жасөспірімдер арасында үш қайғылы жағдай орын алып, үш жасөспірім қаза тапты. БАҚ деректеріне қарағанда, Тараз қаласындағы мектептің бірінде 9 сынып оқушысы қатарласымен төбелесіп, дәретханада көз жұмған. Көп ұзамай Жамбыл облысының Шу ауданында да қарапайым футбол ойыны кезінде туған жанжал салдарынан 10-сынып оқушысы қатарласы тарапынан соққыға жығылып, қаза тапты. 1 қыркүйекте колледжге енді түскен оқушы өз қатарласын пышақтап өлтірген. Бас-аяғы 15 күннің ішінде бір ғана өңірде 3 бірдей оқушының кісі қолынан ажал құшуы – дабыл қағарлық жағдай! Аталған оқиғалар – жеке бір мектептің немесе бір өңірдің ғана емес, қоғамымыздағы тәрбие ісіндегі олқылықтардың көрінісі. Мектептерде білім сапасына басымдық берілгенімен, тәрбие жұмысы көбіне қағаз жүзінде қалып отыр. Соның салдарынан оқушылар арасында өзара сыйластық, жанжалды бейбіт жолмен шешу дағдысы жеткілікті деңгейде қалыптаспай келеді» дейді Елнұр Бейсенбаев өзінің депутаттық сауалында.
Депутат сондай-ақ, білім беру ұйымдарында оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және жасөспірімдер арасындағы зорлық-зомбылықтың алдын алу үшін барлық мектепте антибуллингтік бағдарламаны енгізіп, әрбір мектепте психологиялық көмек қызметін күшейтіп, балаларға жүйелі түрде агрессияның алдын алу, эмоцияны басқару және жанжалды шешу дағдысын үйретуге бағытталған нақты бағдарламалар қабылдау керек екенін айтады.
Фото: Егемен Қазақстан