Аудан басшысы 350-ге жуық түтіні бар Құлан ауылын ауыз сумен қамтып отырған бұлақ басына жауапты мамандармен барып, ол жердегі ауыз су жинайтын орынның қазіргі жағдайымен танысып, бастау көзінен шығып жатқан суды ауылға шығынсыз жеткізу мәселесін пысықтады.
Бұл жерде, ауылдан 5 шақырымнан аса қашықтықта орналасқан бұлақ көздеріне қосымша су жинағыш орнын салып, үш бұлақтың суын сол жерге жинақтап, ауылға жөнелту жағы талқыланды.
Мамандардың пайымдауынша ауыл шетінде су жиналатын (2-дана 25 тонналық, 1-дана 50 тоналық) мұнаралардан су жүйесіне қосылатын қос құбырдың бірін 100 диаметрлік үлкен құбырға ауыстыру қажет етеді.
Сондай-ақ, ауыл ішіндегі суды реттегіш бұрандылармен құдықтарды реттеу жағы да сөз болды.
Аудан әкімі ауылдың су жүйесін қайта толық зерделеп, аталған жұмыстарға кететін қаржыны есептеп, қаржы қарастыруға қажетті құжаттарды әзірлеуді тапсырды.
Сондай-ақ, Алғабас пен Елтай ауылындағы ауылдық клубтардың сырты қапталып, реттелсе, Түлкібас кентіндегі мәдениет ошағының іші және сырты толық жөндеуден өтуде.
Аудан әкімі Құлан ауылындағы Жаңа құрылыс көшесіне ауыз су жүйесі, жол мен электр желісін тарту бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды бақылады.
Айта кетерлік, елді мекен шегінен 2015 жылы 62 жер телімі үй соғу мақсатында берілген. Сол жерлерге бүгінгі таңда баспаналар түсіп, тұрғындардың өтінішіне сәйкес тиісті инфрақұрылым тарту өзекті мәселенің біріне айналған болатын. Биыл міне, аталған түйінді мәселе шешімін тауып отыр.
Сондай-ақ, Асқар Сұлтанұлы жауапты мамандармен ауылдағы су тапшылығын түбегейлі жою мақсатында әңгіме қозғап, су жүйесін толық зерделеп, нақты ұсыныстар беруді тапсырды.
Биыл Құлан ауылында ауқымды жұмыстар атқарылды десек болады. Тарқатып айтсақ, тұрғындардың өтінішіне сәйкес, ауыл ішіндегі 6 көшеге түнгі жарықшамдар орнатылды.
Тағы бір айтары, 5 көшеге орташа жөндеу жұмыстары іске асуда.
Атқарылып жатқан жұмыстарды өз көзімен көрген Асқар Сұлтанұлы, жауапты бөлім басшысы мен ауыл әкіміне бірінші кезекте сапаға мән беруді ескертіп, қатаң бақылауда ұстауды міндеттеді.
Ал, Састөбе кентіндегі ауыз су тапшылығын жою мақсатында бүгінгі таңда, елді мекен шегінен су ұңғымасын қазу жұмыстары қарқын алды. Ол ұңғымадан шыққан су орталық су жүйесіне қосылып, суды тазарту мақсатында бактероцит орнатылып, айналасы қоршалып, бейне-бақылау камераларымен жасақталмақ.
Бұдан бөлек, ауыл аумағынан 2 жаңа су жинайтын ұңғыма орнатылып, қосымша, істен шығып тұрған 2 су мұнарасын іске қосу жұмыстары атқарылмақ.
Сондай-ақ, аудан әкімі Жібек-жолы көшесінде құрылысы басталған қос 24 пәтерлік (жалпы 48 пәтер) екі қабатты тұрғын үйге табан тіреп, жұмыс барысымен танысты.
Құрылысқа жауапты мердігермен кездесіп, нысанның сапалы болуын, әрі белгіленген уақытында аяқталуын ескертті.
Бұдан кейін, кент орталығындағы 1-Мамыр көшесі №1В үйдің қасбетін қаптау жұмыстарының сапасын бақылады.
Бүгінгі таңда, аталған үйдің қаптау жұмыстары 70 пайызға аяқталып отыр. Толық қаптау жұмыстары қыркүйек айының соңында аяқталады деп күтілуде. Естеріңізге сала кетейік, аталған үйдің сыртқы сылағы қатты желдін салдарынан құлап, тұрғындарға ыңғайсыздық туындатқан болатын. Осылайша, тұрғындарды мазалаған өзекті мәселе көп ұзамай шешімін тауып отыр.
Келесі кезекте Асқар Сұлтанұлы Састөбе қоқыс полигонында болып, ол жерде нысанды талапқа сай қылу мақсатында атқарылып жатқан жұмыстармен танысты.
Бүгінде қоқыс тастайтын орынға электр энергия жеткізу мақсатында трансформатор орнатылып, ауыз су жүйесі тартылып отыр. Алдағы уақытта, қоқысты сұрыптайтын 800 шаршы метрді құрайтын арнайы ғимарат құрылысы жүргізілмек.
Сонымен қатар, кентке қарасты Ынтымақ ауылындағы 200 орындық мәдениет үйінің құрылыс алқабында болып, атқарылып жатқан жұмыстарды бақылады.
Бүгінгі таңда, мәдениет үйінің іргетасы толық аяқталып, ішін құммен толтыру жұмыстары іске асуда. Нысан келесі жылға өтпелі.
Ол жерде Асқар Сұлтанұлы жауапты мердігерге бірінші кезекте сапаға мән беруін ескертіп, жоспарда бекітілген мерзімнен кешіктірмеуін тапсырды.
Фото: Ernur.kz