Мәжілісте өңірдегі мемлекеттік бағдарламалардың орындалу барысына жан-жақты талдау жасалды. Әкім нақты көрсеткіштерге тоқталып, атқарылып жатқан жұмыстардың тиімділігін бағалады. Сонымен қатар, жауапты сала басшыларына алдағы кезеңге арналған міндеттерді нақтылап берді.
Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлы есеп беріп, қаланың әлеуметтік-экономикалық даму бағытында атқарылған жұмыстар мен жоспарланған бастамалар туралы баяндады. Сонымен қатар басқарма басшыларының ұсыныс-пікірлері тыңдалып, әр сала бойынша өзекті мәселелер мен оларды шешу жолдары қарастырылды.
Өңір басшысы 2024-2030 жылдарға арналған облыстың экономикалық өсуін қамтамасыз ету бойынша бекітілген жол картасындағы ірі жобалардың жүзеге асуын күшейтуді тапсырды. Қаланың кіріс көздерін ұлғайту жұмыстарын күшейтуді міндеттеді. Өндіріс, туризм, инвестиция тарту, кәсіпкерлік және өзге де маңызды бағыттар бойынша нақты міндеттер жүктелді. Әсіресе, өндірістік инфрақұрылымды дамыту, жаңа жұмыс орындарын ашу және инвестициялық жобаларды іске асыру мәселесіне ерекше назар аударылды.
Айта кету керек, Түркістан қаласы соңғы жылдары айтарлықтай серпінді даму үстінде. Осы бағыттағы жұмыстар одан әрі жалғасын табуы үшін бірқатар стратегиялық шешімдер қабылданды. 2025 жылдың алғашқы 7 айында Түркістан қаласында халық саны 241,7 мың адамнан асқан.
Жалпы өңірлік өнім 31,3%-ға артып, 272 млрд теңгені құрады. Қаладағы екі өндірістік аймақта жалпы құны 225 млрд теңгеден асатын 50-ден астам жоба іске асырылып жатыр. Өңдеу өнеркәсібіне 29,1 млрд теңге көлемінде инвестиция тартылып, 1500 жаңа жұмыс орны ашылады деп жоспарланған.
Сондай-ақ, Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтың тікелей тапсырмасымен, Сауран ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беретін жаңа жобаларды іске асыру бағытында маңызды қадам жасалуда. Осы негізде Иассы ауылдық округінде ірі кондитерлік цехтардың басын біріктіретін жаңа өндірістік кластер — «ДәмОрда» құрылысы басталады. Бұл жоба аудан әкімі Мақсат Таңғатаровтың бастамасымен қолға алынып, өңірдің экономикалық дамуына серпін бермек.
Аталған жоба аясында бүгін инвесторлар мен жеке кәсіпкерлердің қатысуымен кеңейтілген жиын өтті. Онда үш жақты меморандумға қол қойылып, өндірістік аймақ үшін арнайы жер телімі бөлінді. Шараға Түркістан облысының Кәсіпкерлік және сауда басқармасының басшысы Нұржігіт Мырзахметовте қатысып, жобаның маңыздылығына тоқталды.
– «ДәмОрда – Сауранның ғана емес, бүкіл Түркістан облысының тағам өндірісіндегі жаңа брендіне айналады. Бұл бастама кәсіпкерлікті қолдау, инвестиция тарту және жаңа жұмыс орындарын ашу бағытындағы нақты қадам», – деп атап өтті ол.
Жоба толық іске қосылған соң, Иассы ауылдық округі өңірлік тағам өнеркәсібінің маңызды орталығы болып қалыптасады. «ДәмОрда» бренді – сапалы ұлттық өнімнің жаңа символына айналады, — деді аудан басшысы.
«ДәмОрда» құрамына бірнеше ірі кондитерлік және тағам өндірісімен айналысатын кәсіпорындар біріктірілмек:
ЖК «Алымжан» (Мухиддиов Алымжан) – кәмпит, қант, тәтті тоқаштар өндірісі. 35 жұмыс орны, жоба құны – 250,0 млн теңге.
ЖК «Шүкіржан» (Тажиметов Шүкіржан Бахтиярұлы) – кондитерлік өнімдер. 20 жұмыс орны, жоба құны – 170,0 млн теңге.
«Айжамал Тәттілері» ЖШС (Бауыржан Жанбуршин) – кондитерлік өнімдер. 60 жұмыс орны, жоба құны – 450,0 млн теңге.
«Грин Сервис» ЖШС (Тәуекелов Еркебұлан) – кондитерлік өнімдер. 20 жұмыс орны, жоба құны – 450,0 млн теңге.
«Әл Береке» АШӨК (Рускулов Аброр Абдураймович) – нан өнімдері. 30 жұмыс орны, жоба құны – 300,0 млн теңге.
ЖК «Сұлтанбай» (Боханов Сұлтанбай Серикбаевич) – кептірілген ет өнімдері. 30 жұмыс орны, жоба құны – 300,0 млн теңге.
ЖК «Бек» (Бекдилдаев Акжан) – консервіленген көкөніс өнімдері. 100 жұмыс орны, жоба құны – 400,0 млн теңге.
Әрбір кәсіпорын жаңа жұмыс орнын ашуды жоспарлап отыр. Жалпы алғанда, тұрғындар тұрақты жұмыспен қамтылып, жергілікті бюджетке салық түсімдері артады.
«ДәмОрда» – тек бір ғана цех емес, бірнеше өндірістік қуатты кәсіпорынды бір орталыққа топтастыратын жаңа форматтағы алаң. Бұл модель өнім сапасын арттырып қана қоймай, өңірдегі бәсекеге қабілеттілікті күшейтеді. Жаңа өндірістер ішкі нарықты отандық өніммен қамтамасыз етеді.
Фото: Turkystan.kz