Мәжіліс депутаты Олжас Құспеков Премьер-министрге жолдаған сауалында соңғы кездері елімізде жиі өткізіліп жүрген ірі коммерциялық концерттер мен шоу-бизнес шараларына мыңдаған полиция қызметкерлерінің тартылуы қоғам тарапынан көптеген сұрақтар туындатып жатқанын жеткізді.
Енді 2025 жылғы 30 қыркүйекте Алматыда тарихи футбол матчы өтеді. «Қайрат» клубы әлемнің атақты «Реал Мадрид» клубын қабылдайды. Бұл шараға байланысты Алматы қаласы бойынша Полиция департаментінің баспасөз қызметі алдын ала 2,5 мыңнан астам полиция қызметкері мен 300 Ұлттық ұлан сарбазы жұмылдырылатынын мәлімдеді.
«Коммерциялық ұйымдар табыс табу мақсатында концерт өткізеді, ал қауіпсіздікті қамтамасыз ету – олардың тікелей жауапкершілігі болуы тиіс. Мемлекет өз ресурсын тегін жұмсауы орынды емес, бұл құқық қорғау жүйесінің беделіне де, халықтың сеніміне де нұқсан келтіреді. Бүгінде елімізде 4 мыңға жуық жеке күзет ұйымдары бар, онда шамамен 100 мың кәсіби күзетші еңбек етеді. Бұл ұйымдардың коммерциялық көпшілік іс-шараларда қауіпсіздікті толық қамтамасыз етуге жеткілікті ресурстары бар. Сондықтан мұндай жұмыстарды жеке секторға жүктеп, ал жалпы үйлестіру мен бақылауды Ішкі істер министрлігінің құзыретінде қалдыру қажет деп санаймыз» дейді Мәжіліс депутаты.
Сондықтан коммерциялық сипаттағы көпшілік іс-шараларда қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету міндетін кезең-кезеңімен жеке күзет ұйымдарына жүктеу қажет.
Фото: Inbusiness.kz