Бүгінде елімізде ағымдағы жылдың 1 мамырдағы жағдай бойынша 6,2 млн көлік бар, оның 4,9 миллионы жыл сайын міндетті техникалық тексеруден өтуі тиіс. 2024 жылы — 3,5 млн байқаудан өтсе, ал 2025 жылы алғашқы тоқсанында 1,5 млн көлік тексерілген. Орташа бағасы 5 мың теңгеден есептегенде, саладағы операторлардың бір жылдық табысы 17 млрд теңгені құрайды.
«Тексеріс жүйесінің көлеңкелі тұстары да аз емес. Мысалы, 2024 жылы 283 заңбұзушылық дерегі анықталып, 8 млн теңге айыппұл салынған. Биылғы жылдың алғашқы тоқсанында тағы 105 хаттама толтырылып, 2,6 млн теңге өндірілген. Мынау жайттар жүйедегі заңбұзушылықтар мен ашықтықтың жеткіліксіздігін дәлелдейді. Халық жүйенің шынайы қауіпсіздік кепілі емес, мөр басылған қағазға төленетін ақыға айналғанын ашық айтуда. Әсіресе ауылдың шалғай тұрғындары байқау орталықтарының аздығынан жүздеген шақырым жүріп, бір күнін тексеруге арнайды» дейді Мәжіліс депутаты Мархабат Жайымбетов Үкіметке жолдаған сауалында.
Халық қалаулысының айтуына қарағанда жол-көлік апаттарының басты себебі — жүргізушілердің ереже бұзуы мен жол сапасына тікелей байланысты.
Сондықтан М. Жайымбетов жеке тұлғалардың кәсіпкерлік мақсатта пайдаланбайтын жаңа емес жеңіл автокөліктеріне 2-3 жылда бір рет өткізілетін ашық әрі тиімді міндетті техникалық тексеріс жүйесін енгізуді, техникалық байқау саласындағы заң бұзушылықтарды құқықтық қорғау органдарымен бірлесіп кешенді тексеруді ұсынды.
Фото: Егемен Қазақстан