Жалпы алғанда Қазақстан Республикасы Президентінің халыққа Жолдауында берген тапсырмаларын жүзеге асыру мақсатында Түркістан облысында әлеуметтік қолдау бағытында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Облыс әкімдігі мен тиісті басқармалар халықтың әл-ауқатын арттыруға арналған бастамаларды кезең-кезеңімен іске асырып келеді.
– Түркістан облысында жұмыс күші 860 мыңнан астамды құрайды, — дейді бұл жөнінде Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаев. – Оның ішінде өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар саны – 380 мыңға жуық. Жұмыссыздар саны 41569 адамға жетіп, жұмыссыздық деңгейі 7,8 пайызды құрады. Жұмыспен қамту саласында айтарлықтай жетістіктер бар. 2025 жылы «Өңірлік жұмыспен қамту картасы» аясында 130 мыңнан астам жұмыс орнын құру жоспарланған. Бұл Республика бойынша құрылатын жұмыс орындарының 14,5 пайызын құрап, ең жоғарғы көрсеткіш болып қалыптасты.
Жалпы, өңірде жұмыс орындарын құру 4 бағыт бойынша жүзеге аспақ. Атап айтқанда, ұлттық жобалар мен жеке инвестициялық жобалар шеңберінде 4 мыңнан астам жұмыс орнын құру жоспарланса, «10 мың тұрғынға 100 жаңа жұмыс орны» бағдарламасы аясында 22 600-ге жуық жұмыс орны ашылмақ. Ал субсидияланатын жұмыс орындары арқылы 46 мыңнан астам адамды жұмысқа орналастыру көзделсе, еңбек нарығындағы бос жұмыс орындары арқылы 57 300-ге жуық азамат жұмыспен қамтылмақ. «Өңірлік жұмыспен қамту картасы» аясында осы жылдың 7 айының қорытындысымен 74630 азамат жұмыспен қамтылды.
Кедейлік деңгейін төмендету бағытында жүйелі жұмыстар нәтижесінде бүгінгі таңда 55252 адамға АӘК тағайындалып, кедейлік деңгейі 2,6 пайызға төмендеді. Өткен жылмен салыстырғанда 1,8 пайызға, ал АӘК алушылардың саны 39498 адамға немесе 41,7 пайызға төмендеді. 2025 жылға АӘК алушылар қатарын 76,2 мың адаммен шектеу және кедейшілік деңгейін 3,5 пайызға дейін төмендету жоспарланған.
Айта кетейік, Президент тапсырмасына сәйкес, заңсыз жолмен алынған активтер есебінен әлеуметтік нысандар құрылысы да басталды. Түркістан облысының Темірлан ауылында 300 орындық музыка мектебінің құрылысы қолға алынды.
Түркістан облысы алдағы уақытта да халықты әлеуметтік қолдау мен жұмыспен қамту бағытындағы жұмыстарды жалғастыра отырып, Мемлекет басшысының тапсырмаларын уақытылы әрі сапалы орындауға басымдық беретін болады.
Сондай-ақ, Түркістан қаласында бюджеттен арнайы қаржы бөлініп, инфрақұрылым жаңарып, тұрғындар игілігіне қажетті жобалар жүйелі түрде жүзеге асуда. Қала көшелері жаңартылып, коммуналдық жүйелер тартылып жатыр. Биылдың өзінде 159 көшеге жөндеу жұмыстары жоспарланып, бүгінде оның 79-ында құрылыс толығымен аяқталып, пайдалануға берілді.
Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров қала аумағындағы бірқатар маңызды нысандарды аралап, құрылыс жұмыстарының барысымен танысты. Аймақ басшысы Отырар мөлтек ауданындағы жолдарды орташа жөндеу жұмыстарына назар аударып, нысандардың сапасын көзбен көріп бағалады.
Сондай-ақ әкім Ойсыл қара және Шаян көшелерімен жаяу жүріп өтіп, құрылыс сапасын тексерді. Жергілікті тұрғындармен тілдесіп, олардың пікірлерін тыңдады. Нұралхан Көшеров мердігер компанияларға нақты тапсырмалар беріп, атқарылып жатқан жұмыстардың сапасына ерекше мән беруді, жолдардың тұрғындар үшін ыңғайлы әрі қауіпсіз болуын басты талап ретінде атап өтті.
– Ең бастысы – сапа. Тұрғындардың жайлылығы мен қауіпсіздігі әрқашан бірінші орында. Сондықтан әрбір жұмыс уақтылы әрі сапалы орындалуы тиіс, – деді облыс әкімі.
Түркістан қаласының күннен-күнге жаңарып, инфрақұрылымдық даму көрсеткіштерінің артып келе жатқаны – жергілікті билік пен халық арасындағы сенімді серіктестіктің нәтижесі. Алдағы уақытта да бұл бағыттағы жұмыстар жалғасын таппақ.
Фото: Толқын