Атап айтқанда, бөлінген қаражатқа жалпы саны 11 дана трактор (оның ішінде қар, құм, шаң тазалайтындары бар), 11 тіркеме, 3 дана жүк тиегіш (погрузчик), 11 дана трицикл және 1 дана көтергіш техника (автогидроподъемник) алу жоспарланған. Бұл техникалар аудан аумағындағы санитарлық тазалықты жақсартуға, қатты тұрмыстық қалдықтарды жинау және шығару жұмысын жүйелеуге, сондай-ақ жалпы экологиялық мәдениетті арттыруға үлкен септігін тигізбек.
Бүгінгі таңда осы техникалардың алғашқы легі – 11 дана трактор, 11 тіркеме және 3 дана погрузчик ауданға жеткізіліп отыр. Аудан тұрғындары бұл қуанышты жаңалықты ерекше ықыласпен қабылдады. Техникалардың кілтін ресми түрде аудан әкімі Бақыт Асанов арнайы ұйымдастырылған салтанатты шара барысында жүргізушілерге табыс етті.
Өз сөзінде аудан басшысы жаңа техникалардың халық игілігіне қызмет ететінін атап өтіп, бұл жұмыстар елді мекендердің тазалығын жақсартуға үлкен үлес қосатынына сенім білдірді.
Айта кетейік, бұл бастама аудандағы коммуналдық қызмет сапасын жаңа деңгейге көтеріп, еңбек өнімділігін арттырады деп күтілуде. Сонымен қатар, тазалық сақтау мәдениетін қалыптастыруда жергілікті билік пен халықтың бірлескен іс-әрекеті үлкен рөл атқаратыны белгілі. Сондықтан, алдағы уақытта аудан әкімдігі тарапынан бұл бағыттағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасын табады.
Сондай-ақ бюджет қаражатына елдімекендерде де спорт алаңшалары салынса, енді бір ауылдарға ауыз су жүйесі тартылуда. Былайша айтқанда, бюджет қаржысы халық игілігіне жұмсалуда.
Атап айтар болсақ, Түркістан облысы Созақ ауданы Қаратау ауылдық округіне қарасты Ақсүмбе елді мекенінде балаларға арналған кіші футбол алаңы мен ойын алаңшасы ашылды. Сондай-ақ, Сарыжаз елді мекенінде де ойын алаңшасы ел игілігіне берілді. Жаңа нысандардың ашылуына арнайы қатысқан Созақ ауданының әкімі Мұхит Тұрысбеков жергілікті тұрғындарды құттықтап, аталған бастама ауыл бүлдіршіндерінің бос уақытын тиімді өткізуіне мол мүмкіндік беретінін атап өтті.
– «Балаларымыздың амандығы мен қуанышы біздің басты байлығымыз. Бүгін пайдалануға берілген спорт және ойын алаңшалары ауылдың көркін ғана емес, келешек ұрпақтың денсаулығын нығайтуға да қызмет етеді. Алдағы уақытта да елді мекендеріміздің инфрақұрылымын дамыту бағытындағы жұмыстар жалғасын табады», -деген аудан басшысы.
Ауыл ақсақалдары игі іске ұйытқы болған азаматтарға алғысын білдіріп, ризашылықтарын жеткізді.
Ал, Сарыағаш ауданында тұрғындарды сапалы ауыз сумен қамту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде атқарылуда. Осы ретте, аудан әкімі Арман Абдуллаев Дарбаза ауылдық округіне қарасты Сарысу елді мекенінде жүргізіліп жатқан құрылыс нысанында болып, жұмыс барысымен танысты.
Аудан әкімі нысанды аралау барысында мердігер мекеме өкілдеріне нақты тапсырмалар беріп, бюджет қаражатына салынып жатқан құрылыстың сапалы әрі белгіленген мерзімде аяқталуын қадағалауды тапсырды.
Сарысу елді мекендегі ауыз су құрылысы 2025 жылдың сәуір айында басталған. Қазіргі таңда ұзындығы 10 шақырымды құрайтын су құбырлары тартылып, жалпы жұмыстың 70 пайызы аяқталған.
Сапар аясында аудан басшысы Әлімтау ауылдық округіне барып, Тасқұдық елді мекенінде жүргізіліп жатқан ауыз су құрылысының жай-күйін пысықтады. Бұл нысандағы құрылыс-монтаждау жұмыстары биыл сәуір айында басталып, желтоқсан айында аяқтау жоспарланған. Бүгінде Тасқұдық елді мекеніндегі құрылыс алаңында су ұңғымалары қазылып, 2200 метр ұзындықта ауыз су құбырлары тартылған. Сонымен қатар, 650 метр тереңдікте ұңғыма бұрғылау жұмыстары жүргізілуде.
Фото: Ernur.kz