Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сержан Назарбектің айтуына қарағанда қазіргі таңда облыста 109 дәрігер жетіспейді. Бұл мәселені шешу үшін жергілікті бюджеттен жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімі бар мамандарды даярлауға гранттар бөлінуде.
2019–2024 жылдары резидентураға 157 грант қарастырылды. Ал 2025–2026 оқу жылына еңбек нарығының сұранысына сай тағы 31 грант бөлінді. Бүгінгі күні 42 дәрігер резидентураны тәмамдап, өңірлік медициналық мекемелерге кемінде 5 жыл еңбек ету шартымен жұмысқа орналасты. Қазір тағы 84 жас маман резидентурада білім алуда.
Медицина қызметкерлерін тұрақты жұмыс істеуге ынталандыру мақсатында әлеуметтік қолдау шаралары жүзеге асуда. Бүгінге дейін 1 891 маман біліктілігін арттырды, жыл соңына дейін тағы 577 медицина қызметкері білімін жетілдіреді деп жоспарланған.
Инфрақұрылымды жаңғыртуға да ерекше көңіл бөлінуде. Биыл 173 бірлік медициналық құрал-жабдық сатып алуға 6 млрд теңге қарастырылды. Сонымен бірге ауылдық елді мекендерді жедел жәрдем көлігімен қамтамасыз ету үшін 60 санитарлық автокөлік алу көзделген.
Облыс әкімі әлеуметтік желілерге емханалардағы ұзын-сонар кезек, медициналық қызметтің сапасыздығы және тегін дәрі-дәрмектің қолжетімсіздігі жайлы шағымдар жиі түсіп жатқанын атап өтті.
Фото: Рэмси Диагностика