Жастарға жақсы жол көрсетіп, бағыт-бағдар сілтеп, еліміздің түкпір-түкпірін шарлап кеткен түрлі жобалар сол жас толқынға көрсетіліп жатқан қамқорлықтың нақты дәлелі.
Бұл жобалар бойында жалыны бар жастардың іскерлік қасиетін, патриоттық сезімін оятып, күш-жігерін тасытып, асқақ арман, үлкен мақсаттарға жетелейтіні анық. Десек те қандай жағдай жасалып жатса да қоғамымызда масылдық дерті белең алғаны да жасырын емес.
— Жасыратыны жоқ, елде жалқаулық байқалады, — дейді белгілі ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қайырбек Асанов. — Баяғы еңбекқорлық жетіспейтін сияқты. Осыдан біршама жыл бұрын қолымыз тигенде зайыбым Күләштің туған ауылы – Үшаралға барып тұратынбыз. Барған сайын байқайтынмын, дастарханға қытайдың көк алмасы мен қайдан келгені белгісіз қызанақ пен қиярды қояды. Ал, үйлерінің алдында кемінде 10 сотық жер жатыр. Содан бір күні айттым: «Ойбай-ау, сендер мұның бәрін сатып ала бергенше мына жерге бау-бақша екпейсіңдер ме? Іргеде Таластың суы ағып жатыр. Құдықтарың да бар»… Алғашында селт ете қойған ешқайсысы болмады. Келесі бір көктемде барғанымда 3 отбасы арасында бау-бақша егуге бәйге жарияладым. Менікі олардың қызығушылығын ояту ғой. Мақсат — масылдықтан, жалқаулықтан арылту. Содан құлшынып жұмысқа кірісіп кетті. Содан тағы бір күзде барсам, 3 үйдің де бау-бақшасы бір ретке келіп қалды. Күзде сол бақшадан алынған көкөністің дәмін таттық. Бәйгеде жеңімпаз болғанға бір қой, қалған екі үйге шамамыз келгенінше ақшалай сыйлық бердік. Қазір жыл сайын бақша егіп, әжептәуір өнім алады. Бұл бір жағы адамды еңбек етуге, жердің қадірін білуге үйретеді. Бір жағынан табиғи таза нәрсенің пайдасы да мол.
Бүгінде жас ақындар, шығармашыл жастар үйге келіп, ақыл-кеңес сұрап, қызу әңгімелесіп тұрамыз. Қоғамда белең алып бара жатқан масылдық дегеніңізді ұлы ақынымыз Абай Құнанбайұлы өзінің алтыншы қара сөзінде айтып кеткен. Хакім Абай өзінің құнды сөзінде: «Қазақ айтады, «Бірлік болмай тірлік болмайды» деп. Бірлік қандай елде болады, қайтсе тату болады – білмейді. Қазақ ойлайды: бірлік – ат ортақ, ас ортақ, киім ортақ, дәулет ортақ болса екен дейді. Олай болғанда байлықтан не пайда, кедейліктен не залал? Ағайын құрымай мал іздеп не керек? Жоқ, бірлік – ақылға бірлік, малға бірлік емес. Малыңды беріп отырсаң, атасы басқа, діні басқа, күні басқалар да жалданып бірлік қылады! Бірлік малға сатылса, антұрғандықтың басы осы. Ағайын алмай-ақ бірлік қылса керек, сонда әркім несібесін Құдайдан тілейді. Әйтпесе, Құдайдан тілемейді, шаруа іздемейді… «Ырыс алды – тірлік» дейді, ол қай тірлік? Ол осы жан кеудеден шықпағандық па? Жоқ, ондай тірлік итте де бар. Ондай тірлікті қымбат көріп, бұлдаған адам өлімді жау көріп, ахиретке дұшпан болады. Жанын қорғалатып, жаудан қашып, қорқақ атанып, еңбек қылудан, қызмет қылудан қашып, еріншек атанып, ез атанып, дүниеде әлгі айтылған ырысқа дұшпан болады. Ол айтқан тірлік олар емес. Көкірегі, көңілі тірі болса, соны айтады», – деген.
Абайдың бұл сөзінен не ұғуға болады? Әлбетте, ақын адал еңбекпен ерінбей жүріп мал табуға, ерінбей жігерлі болуға шақырады. Қазақта әлі Абайдан артық ақын туған жоқ. Ғасыр бұрын туып, бүгінгінің дертін дәл тауып, оның емін де айтып, жазып кеткен. Оның қай шығармасын алсаңыз, барлығы да адалдыққа, адал еңбек етуге баулиды.
Фото: Malim.kz