Жамбыл облысында бүгінгі күні 38 арнаулы қызмет көрсететін ұйымдар лицензияланды. Оның ішінде 22-сі мемлекеттік мекемелер болса, 16-сы үкіметтік емес ұйымдар. Жалпы қызмет алушылардың саны 4317 адам.
Лицензия алған ұйымдардың 7-уі толық стационар, 15-і жартылай стационар, 4-і уақытша болу, 14-і үй жағдайында қызмет көрсететін ұйымдар. Сондай-ақ, лицензия алып, арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетіп жүрген белсенді үкіметтік емес ұйымдар ішінде “Мүгедектігі бар жастар қоғамы”, “Сезім мүгедектер қоғамы”, “Жамбыл облысы мүгедектерді әлеуметтік қорғау”, «Элай-Құлан», «Амина» және «Жуалы» мүмкіндігі шектеулі балаларды оңалту және бейімдеу орталығы қоғамдық бірлестіктерді атап өтуге болады.
Еңбек және әлеуметтік қорғау комитетінің Жамбыл облысы бойынша департаментінің басшысы Аслан Оразбековтың айтуына қарағанда лицензиялауды енгізу арнаулы әлеуметтік қызметтердің сапасын арттыруға, көрсетілетін қызметті алушылардың қауіпсіздігі мен құқықтарын қорғауға кепілдік беруге, арнаулы әлеуметтік қызметтер ұсынатын ұйымдар үшін бірыңғай стандарттарды белгілеуге бағытталған.
Тағы бір айтары, арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін барлық меншік нысанындағы ұйымдар лицензияланады. Ал, лицензия алудың негізгі шарттарына санитарлық нормалар мен Өрт қауіпсіздігі ережелеріне сәйкес келетін арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетуге жарамды ғимараттың болуы, материалдық-техникалық базаның және қызметкерлер құрамының болуы және халықтың жүріп туруы шектеулі топтары үшін ғимараттың қолжетімділігін қамтамасыз ету және басқалар кіреді.
Лицензия алуға өтінімді арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін барлық ұйымдар (меншік түріне қарамастан) Әлеуметтік қызметтер порталы (aleumet.egov.kz) арқылы беріледі, яғни толық цифрландырылған.
Бұл тұста назар аударатын бір мәселе, лицензиялау көрсетілетін арнаулы әлеуметтік қызметтердің сапасын арттыру, мүгедектігі бар адамдарды және көрсетілетін қызметті алушылардың өзге де санаттарын әлеуметтік оңалтудың тиімділігін көтеру үшін жағдайлар жасайды, сондай-ақ осы саладағы бұзушылықтар санын азайтуға оң ықпал етеді.
Стандарттарға сәйкес арнаулы әлеуметті қызметтер көрсетудің бірнеше түрі бар, мысалы, стационарлық жағдайда қызмет көрсету, жартылай стационарлық жағдайда қызмет көрсету, уақытша болу түріндегі қызметер көрсету, үй жағдайында қызметтер көрсету. Лицензия алмай арнаулы қызметтер көрсетуге заңмен тыйым салынған.
— Лицензиялаудың екінші міндеті – қызмет көрсетуді жан басына шаққандағы тариф бойынша қаржыландыру. Яғни, әлеуметтік қызметкерлер нақты айлыққа емес, көрсеткен қызметінің көлеміне қарай ақы алатын болады. Облысымыздағы мүмкіндігі шектеулі жандарға арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетемін дейтін жаңа ұйымдарға айтатыным, ең бірінші ол ұйымның штаты, талапқа сай ғимараты, қызмет көрсетуге қажетті құралдары, тиісті медициналық лицензиялары болуы шарт, — дейді бұл жөнінде Еңбек және әлеуметтік қорғау комитетінің Жамбыл облысы бойынша департаментінің басшысы Аслан Оразбеков.
Қалай айтсақ та арнаулы әлеуметтік қызметтерді лицензиялау қызмет көрсету сапасын жақсартуға жағдай жасайды және осы саладағы бұзушылықтар санын азайтуға, сондай-ақ, лицензиялау көрсетілетін арнаулы әлеуметтік қызметтердің сапасын арттыру, мүгедектігі бар адамдарды және көрсетілетін қызметті алушылардың өзге де санаттарын әлеуметтік оңалтудың тиімділігін көтеру үшін жағдайлар жасайды, сондай-ақ осы саладағы бұзушылықтар санын азайтуға оң ықпал етуде.
Фото: Kursiv Media