Түркістан қаласының әкімі Рашид Аюпов әкімдік ғимаратының сатылуына қатысты тікелей эфирге шығып, мәлімдеме жасады.
Бірқатар бұқаралық ақпарат құралында Түркістан әкімдігінің төртқабатты ғимараты аукционда 313 млн теңгеге сатылғаны, нысанға біршама уақыт бұрын ғана 257 млн теңгеге жөндеу жүргізілгені хабарланды. Ғимарат құны жасанды түрде 30 пайызға арзандатылды деген күдікпен прокуратура сотқа жүгінген. Сот сату-сатып алу келісімшартын заңсыз деп тапты.
«Біріншіден, қала әкімдігінің бұрынғы ғимаратына қатысты расында да қалада саммит кезінде қонақ үйлерді көбейту мәселесі туындаған. Осы бойынша жанындағы «Евразия« қонақ үйіне және басқа жерлерге де ұсынған болатынбыз. «Түркістан« әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы арқылы жасау да қарастырылды. Бірақ, шешім өзгеріп, аукцион арқылы сатылатын болып шешілді. Ғимараттың бағасын шығару әкімдіктің құқығында емес, арнайы мекеменің құзырында. Сол бойынша ғимараттың бағасын шығарған болатын», — деді қала әкімі. Р.Аюпов 1970 жылы салынған әкімдік ғимаратына (жалпы аумағы 2554,7 шаршы метр) 257 млн теңгеге жөндеу жүргізілгенін растады. Бірақ жөндеу үш жыл бұрын жасалған.
«Ғимаратқа 2018 жылы 257 млн теңге көлемінде жөндеу жүргізілген, сол баға бойынша қосылған және де ол ҚР Қаржы министрлігіне қарасты веб порталға енгізілген еді. Ол жердегі сатып алушыны да, сатып алуға қатысушыны да және оның бағасын қадағалайтын әкімдік емес. Жалғыз сол портал арқылы нарықтық жүйемен жасалады. Яғни, ең бірінші ағылшын жүйесімен бағаның көтерілуі бойынша оған бірнеше адам тіркелді. Бірақ, оған ешқандай сауда болмаған. Екінші аукцион бағаны төмендету бойынша өтті. Аукцион басталған кезде біз порталда кімнің тіркелгенін көре алмаймыз. Сол кісі төмендету кнопкасын басу арқылы сатып алды. Бірақ, қосымша айтып кету керек, ұсынылған бағадан бір тиын да төмен түскен жоқ. Сондықтан прокуратураның айтқанына келіспейміз. Сол себепті бірінші келісімшартты бұзу туралы шешім шыққанымен, біз ары қарай апелляциялық сотқа шағым жаздық. Біз ары қарай да соттасатын боламыз. Өйткені, бір қызығушы адам алмады деп сатып алушының артынан қудалаудың қажеті жоқ деп ойлаймын», — деді Түркістан басшысы.
Айта кетсек, Рашид Аюпов бұған дейінгі сұхбаттарында Түркістан қаласы әкімдігінің қазіргі ғимараты музейдің ғимараты емес, құрылған кезден бастап әкімдікке тиесілі болғанын айтқан еді. Музей ғимараттың ішінде біраз уақыт орналасқанымен, бұл әкімдік ғимараты болып келгенін, сондықтан да осында көшу шешімі қабылданған.
«Бөлімдердің жақсы отырғаны керек пе, әлде бізге Түркістанның дамығаны керек пе?!… Қазір қалалық бөлімдер ғана емес, басқа да көптеген органдар өз ғимараттарында отырған жоқ», — деген болатын ол.
Түркістан облысы әкімінің 2019 жылғы хаттамалық тапсырмасына сәйкес, Түркістан қаласына келетін туристерге қолайлы жағдай жасау үшін ғимаратты заманауи қонақүй ретінде пайдалану жүктелген. Осы мақсатта, әкімдік ғимараты электрондық сауда-саттыққа қойылды.