Өйткені әр бала — біздің болашағымыз. Ерекше немесе ерекше емес деп бөлмейміз. Бәрі — бала. Олар ешкімнен кем емес. Бәріне бірдей білім, тәрбие берілуі керек. Ең бастысы — оларды қабылдай білу. Яғни, инклюзия — жеңілдік жасау емес, тең мүмкіндік беру. Бірге отырып оқу, бірге ойнау, бірге армандау. Арнайы білімді қажет ететін балалар үшін бұл — өте маңызды жол. Өзін жалғыз сезінбеуге, білімге, достарға, қолдауға жол ашады.
Бірақ инклюзия басқа балаларды да тәрбиелейді — жанашырлыққа, сабырға, түсіністік пен адамгершілікке үйретеді. Себебі теңдік — бәрін қабылдаудан басталады.
Жамбыл облыстық мүгедек балаларды оңалту және бейімдеу орталығының Жамбыл ауданының Аса ауылында орналасқан филиалы 2014 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Бұл филиал сол уақыттан бері кембағал балаларды қоғамдық ортаға бейімдеп, сауықтыру және оларға саналы тәрбиемен бермен, тиісті ем-шаралар жүргізумен айналысып келеді.
Жалпы алғанда бүгінгі күні мүгедектігі бар балаларға арналған оңалту және бейімдеу орталықтары Жамбыл облысының Тараз қаласында және Жамбыл, Т.Рысқұлов, Меркі, Шу, Қордай, Талас және Сарысу аудандарында ашылған. Соңғы үш жылда аталған орталықтарда 909 бала оңалту шараларымен қамтылды. Соның нәтижесінде 185 бала бойынша оң нәтижелерге қол жеткізілді. Атап айтсақ, 18 бала өздігінен отыра алу жағдайына ие болса, 19 бала еңбектеді. 24 бала жетек арбамен жүруді үйренсе, 21 бала өздігінен жүре алады. 45 бала сөйлей бастаса, 58 бала өзіне-өзі қызмет көрсетуді меңгерді.
Жамбыл облысында 45 652 мүгедектігі бар адам тіркелген, оның ішінде 1-ші топтағы – 4 799 адам, 2-ші топ – 16 370, 3-ші топ – 17 689 адам, 18 жасқа дейінгі мүгедектігі бар балалардың саны – 6 794.
Үкіметте де азаматтардың осы санатын қолдау және кедергісіз жайлы ортаны қалыптастыру жөніндегі шаралар кешенін іске асырып жатыр. Мәселен, Әлеуметтік кодекс қабылданды, отбасылардың әл-ауқатына тұрақты мониторинг пен талдау жүргізуге мүмкіндік беретін Отбасының цифрлық картасы іске қосылды. Бұған қоса, мүгедектікті ресімдеу тәртібі оңайлатылып, проактивті форматқа ауыстырылды, оны сырттай белгілеу енгізілді. Әлеуметтік қызметтер порталының жұмысы шеңберінде оңалту үшін қажетті техникалық құралдар мен рәсімдерді таңдау мүмкіндігі қолжетімді болды.
Жақында өткен үкімет отырысында Премьер-министр мүгедектігі бар адамдарды мемлекеттік қолдау жүйесі үнемі жетілдіріліп отыратынын атап өтті. Өңірлерде оңалту орталықтары ашылып жатыр. Абай, Жамбыл және Түркістан облысында оңалту орталықтары пайдалануға берілді. Осындай орталықтарды Ақмола, Атырау, Жетісу облыстары мен Шымкент қаласында салу жоспарланып отыр.
Инклюзивті қалалық ортаны қалыптастыру мәселесіне ерекше назар аударылды. Бүгінде елде мүгедектігі бар адамдардың қажетіне инфрақұрылымның 45 пайызы бейімделген.
«Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша мүгедектігі бар жандарға қолайлы әрі жайлы орта қалыптастыру бағытында жоспарлы жұмыс жүріп жатыр. Объектілерді мүгедектігі бар адамдардың, қарттардың ыңғайына қарай бейімдеу жұмысын күшейту қажет. Бұл, әсіресе әлеуметтік нысандарға, дәріханаларға, азық-түлік дүкендері мен сауда орталықтарына қатысты. Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне құрылыстың сапасы мен жауапкершілікті арттыру үшін қолданыстағы стандарттарды қайта қарауды тапсырамын. Нормалардың сақталуын бақылау қажет», деген болатын сол жолы премьер-министр Олжас Бектенов.
Айта кету керек, бүгінде Қазақстанда ерекше білім беру қажеттіліктері бар 200 мыңнан астам бала бар. Олар үшін арнайы білім беру ұйымдарының желісі құрылған. Атап айтқанда, 44 арнайы балабақша, 99 арнайы мектеп, 99 ПМПК, 212 ППТК, 10 аутизм орталығы және 13 оңалту орталығы бар. Ал қалған балалар инклюзия жағдайында жалпы білім беретін мектептерде оқиды. 2023 жылы қарашада Оқу-ағарту министрлігінің жанынан білім берудің барлық деңгейінде жалпы саясатты іске асыру мақсатында Арнайы және инклюзивті білім беру департаменті құрылды.
Фото: Otbasym