Мамандардың айтуынша, жалпы, ерекше білімді қажет ететін балаларды оқытуда заманауи педгогикалық әдіс-тәсілдерді қолдану, олардың шығармашылық қабілетін дамыту, түрлі ойындар арқылы ақыл-ойды қалыптастыру және өз алдына жеке тұлға ретінде қалыптастырудың маңызы зор. Олар ойдағыдай әлеуметтенуі үшін бірқатар біліліктілік қабілетін қалыптастыру қажет. Оқытудың әдіс-тәсілдерін үнемі жетілдіріп отыру және қазіргі заманғы педагогикалық, инновациялық технологияларды меңгере отырып сабақ жүргізу қажет. Оларды дамытуда өз-өзіне сенімі артады, өзін-өзі бағалай білуге, қоршаған ортасына сүйіспеншілікпен қарауына жол ашады. Ерекше білімді қажет ететін балалар ерекшелігі шаршағыштығымен, таным әрекеттерінің бұзылысынан, жұмысқа қабілеттілігі төмендігінен, қоршаған орта туралы түсінігі аздығынан, сабаққа деген ынтасының төмендеуінен байқалады.
Үйден оқытылатын әрбір балаға «Сөйлеу және коммуникацияны дамыту» бағыты бойынша жеке бағдарлама әзірленіп, аптасына екі рет, әрқайсысына бір сағат көлемінде сабақ жүргізіледі. Сабақ барысында балаға барлық ұғымдар, тапсырмалар, нұсқаулар тек суреттер, көрнекілік арқылы түсіндіріледі. Әрбір заттың атауын дауыстатып айтқызу, дыбыстарды дұрыс шығару мақсатында баламен бірге отырып жұмыс істейміз. Сонымен қатар саусақ моторикасын дамыту үшін түрлі жаттығулар орындатылады. Көп жағдайда балалар қимылмен ғана жауап береді, себебі сөйлеу қабілеті толық дамымаған немесе мүлдем жоқ. Ақыл-ойы кеш дамығандықтан кейбір балалар сезімге беріліп, тез ашуға булығып кетеді. Мұндай жағдайда баланы сабырға шақырып, көңілін аулау керек.
– Үйден оқытылатын оқушылардың ата-аналары да сабақ барысында белсенді рөл атқарады. Олар баланың жанында отырып, сабаққа сырттай қатысып, бақылау жасайды. Мұндай қолдау бала үшін өте маңызды. Біріншіден, ата-ананың қатысуы баланың өзін қауіпсіз әрі сенімді сезінуіне ықпал етсе, екіншіден, жеткіншектің оқуына деген ынтасын арттырып, мотивацияны күшейтеді. Сонымен қатар ата-ана сабақта қолданылатын әдістер мен тәсілдерді көріп, үй жағдайында да жалғастыруға мүмкіндік алады, – дейді Талас ауданындағы Шона Смаханұлы атындағы орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Жанат Байдуалықызы.
Сонымен қатар үйден оқытудың нәтижелі болуы отбасы, мектеп және медицина қызметкерлерінің бірлескен жұмысына да байланысты. Ата-ананың белсенділігі, мектеп әкімшілігінің ұйымдастырушылық қолдауы және дәрігерлердің тұрақты бақылауы баланың дамуына, тезірек оңалуына әсер етеді.
– Қазіргі таңда қызымның денсаулығына байланысты мектепке барып, сыныптастарымен бірге оқуға мүмкіндігі жоқ. Қызыма ақыл-ой кемістігі диагнозы қойылған. Сондықтан ол үй жағдайында мұғалімінен жеке білім алып жатыр. Мұғалім әр сабақты қызымның психологиялық және физикалық жағдайын ескере отырып өткізеді. Осы перзентімнің жағдайына байланысты оған сабақтар тек сурет, қимыл, дыбыс арқылы жүргізіледі. Себебі оның өз бетінше оқып-жазуға қабілеті жоқ, өз ойын ауызша жеткізе алмайды. Қызым үнемі үйде сыртқы ортадан оқшау отырғандықтан, өзі қатарлы балалармен қарым-қатынас орнатуына да мүмкіндігі жоқ. Сабақ кезінде қызым тез шаршап қалады, көңіл күйі тұрақсыз, назарын ұзақ уақыт бір нәрсеге аударып отыра алмайды. Қызымның бір дыбысты дұрыс айтуы, бір суретті тануы, бір қимылды қайталауы біраз күшті талап етеді, – дейді үйден оқитын баланы өсіріп, оңалуын тілеп отырған ананың бірі Айымхан Халелова.
Үйден оқу ерекше балалар үшін үлкен мүмкіндік. Дегенмен бұл қадам ата-ана мен мұғалімнің ерен еңбегін талап етеді. «Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» деп Абай Құнанбаев жырлағандай, әрбір педагог ата-анамен бірлесе отырып, баланы түсіну мен қолдаудан аянып қалмаса болғаны.
Фото: Inbusiness.kz