Ұлан-ғайыр жерді алып жатқан кең байтақ республикамыз үшін көші-қон саласында тиімді мемлекеттік саясат ұстану, оны дәйектілікпен жүзеге асыру – экономикалық, демографиялық тұрақты дамумен қатар, еліміздің қауіпсіздігіне де қатысты өзекті мәселе.
2025 жылдың 1-маусымындағы мәліметтерге қарағанда Жамбыл облысында тұратын халық саны 1 220,5 мың адамды құрады. Соның ішінде қалалықтар – 537,3 мың адам, бұл жалпы тұрғындар санының 44 пайызы. Ал, ауыл тұрғындары – 683,2 мың адам. Бұл жалпы тұрғындар санының 56 пайызы деген сөз.
Осылайша Жамбыл облысында халықтың табиғи өсімі 2025 жылғы қаңтар-мамырда 5816 адамды құрады. Өткен жылдың сәйкес кезеңінде бұл көрсеткіш – 7135 адам болатын.
Жақында Үкіметте көші-қон саясатын жетілдіру мәселелері қаралды. Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Мемлекет басшысының Қауіпсіздік Кеңесінің өткен жолғы отырысында берген тапсырмаларын орындау шеңберінде көші-қон саясатын жетілдіру мәселелерін тағы бір пысықтады.
Онда еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова баяндама жасады. Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Бауыржан Әленов елдегі көші-қонды бақылауды жүйелеу жөніндегі шаралар туралы, цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев көші-қон саласындағы ақпараттық жүйелерді интеграциялау туралы баяндады.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің деректері бойынша, 2023 жылдан бастап Қазақстанда көші-қонның оң сальдосы тіркеліп отыр. Бұл еліміздің тұруға және жұмыс істеуге деген тартымдылығы қалпына келгенін көрсетеді. Халық көп келген өңірлер Павлодар, Шығыс Қазақстан, Атырау, Алматы және Ақмола облыстары, сондай-ақ Алматы, Астана қалалары болды.
Премьер-министр жаһандық геосаяси өзгерістер мен миграциялық ағындардың күшеюі жағдайында халықтың көші-қон мәселесі аса маңызды басымдыққа айналып отырғанын атап өтті.
«Мемлекет басшысының тапсырмаларына сәйкес, нақты реттелетін көші-қон саясатын қалыптастыру керек. Ол үшін нормативтік құқықтық базаға аудит жүргізіп, мемлекеттік органдардың көші-қон саласындағы функционалдық мүмкіндіктеріне талдау жасау қажет. Заңсыз көші-қон, өңіраралық диспропорция және көші-қон ағындарын бірыңғай есепке алудың болмауы сияқты барлық өзекті мәселелер бойынша жүйелі әрі кешенді шешімдер қабылдануға тиіс», — деп атап өтті Олжас Бектенов.
Статистикалық мәліметтерге қарағанда, Жамбыл облысында 2025 жылғы қаңтар-мамырда туылғандар саны 8794 адамды құраған. Яғни, 2024 жылғы қаңтар-мамырымен салыстырғанда бұл көрсеткіш 14,1 пайызға кеміді. Қайтыс болғандар саны 2978 адамды құрап, 2024 жылғы қаңтар-мамырымен салыстырғанда 3,9 пайызға азайды.
Осылайша көші-қонның теріс айырмасы — 7726 адаммен қалыптасып, (2024 жылғы қаңтар-мамырда – -6271 адам), оның ішінде сыртқы көші-қонда теріс көші-қон айырмасы – -108 адам (-130), ішкі көші-қонда теріс көші-қонның айырмасы – -7618 адам (- 6141 адам).
Жалпы алғанда еліміздің заман талабына сай өркендеп, алға басуы өңірлердің тұрақты дамуына байланысты. Осы орайда әр облыстың әлеуметтік-экономикалық даму басымдықтарын айқындауда ішкі еңбек бөлінісіндегі орны мен ерекшеліктері ескеріле отырып, өсіп-өркендеуге жол ашатын нақты шараларға баса мән беріледі. Осы тұрғыда мемлекеттік маңызы зор, өзекті мәселелердің бірі – ішкі көші-қонды реттеу.
Әртүрлі өңірлер, қалалар мен ауылдар арасындағы еңбек диспропорциясы, теңгерімсіз урбанизация, демографиялық ахуал қазіргі таңдағы өзекті мәселелер болып саналады.
Фото: Астана Ақшамы