Сондықтан еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау талаптарын сақтау баршаға ортақ міндет. ҚР еңбек заңнамасы талаптарының сақталуын, оның ішінде еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау жөніндегі талаптардың сақталуын мемлекеттік еңбек инспекциясы жүзеге асырады.
Жамбыл облысы бойынша Мемлекеттік еңбек инспекциясы департаментінің берген мәліметтеріне қарағанда өңірдегі еңбек жағдайларының ахуалын тұрақты бақылауда ұстау мақсатында 2025 жылы мемлекеттік еңбек инспекторларымен облыс ұйымдары мен кәсіпорындарында 98 тексеру жүргізіліп, нәтижесінде 133 бұзушылықтар анықталған. Оның ішінде 100 еңбек қатынастарына, 28 еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғауға және 5 халықты жұмыспен қамтуға қатысты.
Анықталған заң бұзушылықтар бойынша жұмыс берушілерге орындалуы міндетті 51 нұсқама беріліп, заңды және лауазымды тұлғаларға қатысты 5 ескерту және 19 әкімшілік құқық бұзушылық туралы қаулылар шығарылды. 8,5 млн. теңгеден астам әкімшілік айыппұл салынды.
Сондай-ақ, 2025 жылдың бірінші жартыжылдығына арналған жоспарға сәйкес 9 кәсіпорында профилактикалық бақылау шаралары жүргізіліп, 68 заң бұзушылық фактісі анықталды. Анықталған бұзушылықтардың ішінде 36-сы еңбек қатынастарына, 30-ы еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау талаптарына, 2-еуі халықты жұмыспен қамту саласына қатысты.
Ал, 2025 жылдың ІІ жартыжылдығында профилактикалық бақылауды 4 кәсіпорында жүргізу жоспарлануда. Сонымен қатар, есепті кезеңде жеке және заңды тұлғалардан 662 арыз-шағым түсті. Оның ішінде 483-і қаралып, 89 жағдайда жоспардан тыс тексерулер жүргізілді. Нәтижесінде 65 заң бұзушылық анықталып, 42 нұсқама берілді. Қалған 179 арыз-шағым тиістігіне қарай өзге мемлекеттік органдарға жолданды.
Өңір кәсіпорындарында жарақаттануды азайту бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы айтатын болсақ, 2025 жылдың 6 айында қызметтік міндеттерін атқару барысында орын алған 20 жазатайым оқиғадан 24 адам зардап шексе, 4 адам қаза тапты. Ал, 2024 жылы – 25 жазатайым оқиға орын алып, 28 адам зардап шегіп, 4 адам қаза болған еді.
2024 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда, жазатайым оқиғалар саны 25 пайызға, яғни, 5 оқиғаға, ал зардап шеккендер саны 16,6 пайызға, яғни, 4 адамға азайып, қайтыс болғандар саны өзгеріссіз қалды. Атап айтар болсақ, 2024 жылы да 4 адам қаза болған еді. Орын алған жазатайым оқиғаларда 7 адам 3 топтық жазатайым оқиғадан зардап шекті.
Енді жазатайым оқиғалардың негізгі себептеріне келетін болсақ, 16 жағдай жұмыс берушінің еңбекті дұрыс ұйымдастырмауынан, 2 жағдай жұмыскердің қауіпсіздік талаптарын өрескел бұзуынан, 2 жағдай жұмыс беруші мен жұмыскердің тең жауапкершілігінен орын алған.
Жазатайым оқиғалардың 40 пайызы жәбірленушінің биіктіктен құлауы, 15 пайызы қозғалмалы және айналмалы заттар мен бөлшектердің әсерінен, ал 45 пайызы басқа факторлардың салдарынан орын алды.
Зардап шеккендердің ең жоғары үлесі келесі экономика салаларында тіркелген:
-тау-кен металлургиясында – 19,3 пайыз;
-химия өнеркәсібінде – 14 пайыз;
-энергетикада –5,6 пайыз;
-шағын бизнес орындарында – 28,1 пайыз;
-басқа да ұйымдарында – 33 пайыз.
Жамбыл облысы бойынша Мемлекеттік еңбек инспекциясы департаменті мамандарының айтуына қарағанда барлық жазатайым оқиғалар бойынша арнайы тергеп-тексеру жұмыстары жүргізіліп, материалдар ішкі істер органдарына жолданған.
Сондай-ақ, жұмыс берушілерге орын алған жазатайым оқиғалардың себептерін жою және алдын алу жөніндегі шаралар белгіленіп, олардың орындалуы қатаң бақылауға алынған.
Фото: Inbusiness.kz