Кеңес барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2025 жылды Жұмысшы мамандықтар жылы деп жариялауының мәні мен маңызы сөз болды. Аудан әкімі бұл шешімнің еңбек адамының мәртебесін арттыруға бағытталғанын ерекше атап өтті.
«Президент 2025 жылды Жұмысшы мамандықтар жылы деп жариялап, еңбек адамының мәртебесін арттыруға ерекше назар аударды. Бұл шешім елдің дамуы мен оның экономикалық әлеуетін нығайтуда жұмысшылардың маңызды рөлін көрсетеді. Біз тек кездесулер өткізіп қана қоймай, нақты шаралар қабылдауымыз керек», — деді Ербол Жиенқұлов.
Кеңес барысында ауданда жұмысшы мамандықтарын дәріптеу, жастарды кәсіптік-техникалық білім алуға ынталандыру, кәсіптік бағдар беру жүйесін жетілдіру, жергілікті өндіріс орындарымен өзара байланысты күшейту бағыттары бойынша нақты ұсыныстар талқыланды.
Кездесу қорытындысы бойынша аудан әкімі жауапты бөлімдерге жұмысшы мамандықтардың беделін арттыруға бағытталған іс-шаралар жоспарын әзірлеуді және нақты жұмыстарды бастап кетуді тапсырды.
«Еңбек — адамның көркі, адам — заманның көркі» дейді халық даналығы. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев нағыз еңбек адамы дегеніміз кім екенін пайымдап, «бұл, ең алдымен, өзіне жүктелген міндетті орындау үшін барын салып еңбек ететін білікті маман.
Нағыз еңбек адамы — бұл істің адамы, яғни әр ісіне, әр қадамына жауапкершілікпен қарайтын адал азамат» деген болатын.
Иә, бүгінде біздің түсінігімізде белгілі бір дәрежеге, мансапқа, байлыққа қолы жеткен адамдарды ғана еңбек адамы деп қарайтын секілдіміз. Ал, шын мәнісінде қызметі көзге көрінбейтін, халық арасында қаншама жандар бар. Олардың да істеп жүргені еңбек.
Ел Президенті айтпақшы, «Бірінші маңызды мәселе, біз еңбекқор болуымыз қажет. Қоғамымызда еңбек адамы бірінші орында тұруға тиіс. Шын мәнінде, барлық жетістіктің бастауы – адал еңбек және іскерлік. Табысқа жетудің жалғыз жолы – өз кәсібінің шебері болу және ерінбей еңбек ету».
Сондықтан барша еңбек адамы қоғамның бар құрметіне лайық.
Жұмыстың жаманы жоқ, кез келген еңбек – қадірлі. Ең бастысы, әркім жауапкершілікті терең сезініп, өз міндетін сапалы атқаруға тиіс. Сонда ғана еліміз дамудың сара жолына түседі.
Осы тұста өмірін шығармашылықпен өрнектеген бір жан туралы атйып кеткіміз келеді. Шығармашыл жан қай жаста болмасын сұлулықты, әсемдікті іздеумен өмір сүреді. Жастық шағында сурет салып, тігін тігіп, тоқыма тоқып, қолөнерге әуестенген біздің кейіпкеріміз, зейнетке шыққан соң бұл істерге қайта оралып, шығармашылықтың рахатына бөленіп жүр.
Біздің кейіпкеріміз – Тоты Абдықалыкова – осы сөзімізге жарқын дәлел.
Тоты Советқызы 1959 жылы қазіргі Тұрар Рысқұлов ауданында дүниеге келген. Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтының «Филология» мамандығын тәмамдаған. Еңбек жолын 1982 жылы Байзақ ауданы, Шахан ауылындағы М.Әуезов атындағы орта мектепте бастайды. Жас маманға алғашқылардың бірі болып сенім артқан мектеп директоры Смат Жанболатов пен бастауыш сынып мұғалімі Меңдібай Жүнісов оның қабілетін бірден байқайды. Жұмыс барысында жұбайы Ермекпен танысады. Жастар тіл табысып, шаңырақ көтеріп, содан бері бір-бірінен ажырамай келеді.
Тоты апа жұбайы Ермек ағамен бірге 43 жылдан бері тату-тәтті ғұмыр кешіп келеді. Отбасында Ербол, Ерік, Едіге және Алма есімді төрт перзент тәрбиелеп өсірді. Қазір олар төрт немересінің ортасында шат-шадыман өмір сүріп жатыр.
Зейнет жасына жеткенде Тоты апа жан тыныштығын шығармашылықтан тапты. Алмас мозаикадан сурет құрау мен айқас тігіспен кестелеу – бүгінде оның күнделікті айналысатын сүйікті ісіне айналды. Бұл жұмыстар көп күш пен сабырлылықты талап еткенімен, оны қажытпайды. Керісінше, бойын сергітіп, жанын тыныштандырып, шынайы рахат сыйлайды.
Оның қолынан шыққан дүниелер — табиғат көріністері, жануарлар мен портреттер. Әр туындысы үшін арнайы рамка таңдайды: үлкен суреттерге кең багет, кішкентайларына – тарлау, эстетикасын сақтау үшін.
Тоты Советқызының жұмыстары – жарқын, әсем, өмір мен жылылыққа толы. Өнерге, сұлулыққа деген сүйіспеншілігі оның әр ісінен байқалады. Жүрегімен істеген жұмысы көрерменнің де жүрегінен орын табатыны сөзсіз.
Фото: Байзақ Ауданының Әкімдігі