Жақында Жамбыл облыстық тарихи-өлкетану музейінде мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған арнайы танымдық экскурсия ұйымдастырылды. Бұл шараның басты мақсаты — қоғамның әрбір мүшесіне тарихи-мәдени құндылықтарды қолжетімді ету, рухани байытуға ықпал ету және әлеуметтік бейімделуге қолдау көрсету.
Экскурсия барысында қатысушылар музей залдарымен танысып, Жамбыл өңірінің бай тарихы, мәдениеті мен табиғаты жайлы мол мағлұмат алды. Археологиялық жәдігерлер, этнографиялық бұйымдар, Тараз қаласының көне тарихынан сыр шертетін экспонаттар ерекше қызығушылық тудырды. Музей қызметкерлері әр көрме залы бойынша мазмұнды әрі түсінікті тілде ақпарат беріп, қатысушылардың барлық сұрақтарына жауап берді.
Іс-шара жылы әрі достық атмосферада өтті. Қатысушылар экскурсиядан ерекше әсер алып, тарихи жәдігерлер арқылы туған өлкесінің өткенімен тереңірек танысу мүмкіндігіне ие болды. Сонымен қатар, экскурсия әлеуметтік қолдауды сезіндіретін, көңілге үміт пен сенім ұялататын маңызды қадам болды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мүгедек жандарға қамқорлық жасауды әлеуметтік саладағы басты міндеттердің бірі ретінде үнемі айтып келеді. Мемлекет осы бағытта күнделікті қызметін жалғастырып, мүмкіндігі шектеулі жандардың көңіл күйін көтеріп, өздерін қоғамымыздың толыққанды мүшесі ретінде сезінуіне жағдай жасауға ұмтылуда. Бұл ретте мүмкіндігі шектеулі жандарға жан-жақты көмектесіп, оларды белсенді тірлікке тарту, жұмыспен қамтуға қатысты шаралар арнасын кеңейту жүзеге асырылуда. Қоғамдағы осы топтағы адамдардың тіршілік ету сапасын жақсарту — мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі болып белгіленуде.
Мүгедектер қоғамының басты міндеті — ең алдымен, мүмкіндігі шектеулі жандардың мұң-мұқтажына толық жауап беру және әлеуметтік қорғау болып табылады.
Жамбыл облысы Мойынқұм ауданының әкімі Ермек Кәрентаевтың айтуына қарағанда биыл жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмек тағайындау және төлеуге 2025 жылға 111,8 млн. теңге бөлініпті. Оның 52,7 млн. теңгесі республикалық бюджеттен, 59,2 млн. теңгесі жергілікті бюджеттен бөлінген.
Сондай-ақ, мүгедектігі бар адамдарға техникалық оңалту және орнын толтырушы құралдарымен қамтамасыз ету мақсатында 130,7 млн. теңге бөлінді. Бүгінгі күнге әлеуметтік оңалту құралдарына мұқтаж 242 адам қамтылды.
Сонымен қатар «Мойынқұм ауданы бойынша психоневрологиялық аурулары, тірек-қимыл аппараты бұзылған 4 жастан 18 жасқа дейінгі мүгедектігі бар 15 балаға мәдени-бұқаралық іс-шаралар мен білім беру курстарын ұсыну» жобасына 34,8 млн.теңге қаржы бөлініп, бүгінгі бұл бағытта іс-шаралар атқарылуда.
Ал, инватакси қызметі бойынша кресло-арбамен қозғалатын психоневрологиялық ауытқуы бар мүгедектігі бар адамдарға, тірек-қимыл аппараты бұзылған және психоневрологиялық паталогиясы бар балаларға «Инватакси» қызметін көрсету үшін жергілікті бюджеттен 14,9 млн.теңге қаралып, 14 елді мекенінен мүгедектігі бар 48 адамға 1 бірлік «Инватакси» қызметі көрсетілуде.
Фото: Жамбыл Облысы Әкімдігінің Мәдениет Басқармасы