«Біз көбіне назарымызды лауазымды тұлғалар мен жетекші мамандық иелеріне бұрамыз. Ал шын мәнінде, көшедегі қарауыл – біреудің әкесі не ағасы, ал еден жуушы – біреудің анасы, әпкесі шығар. Иә, олар мәртебелі қызмет иесі болмауы мүмкін. Бірақ осы қызметтегі адамның мәртебесін көтеруге, яғни, олардың адамдық, азаматтық, әлеуметтік мәртебесін көтеруге міндеттіміз. Сол азаматтардың да балалары бар ғой, ертең менің анам еден жуушы, әкем күзетші, аула сыпырушы болған деп мақтана ала ма? Ол үшін біз не істеуіміз керек? Әрине мәртебелерін көтеруіміз қажет» дейді депутат.
Бүгінде бұл санаттағы қызметкерлердің еңбекақысы еліміздегі орташа жалақы көрсеткішінен әлдеқайда төмен. Көп жағдайда олар ауыр физикалық еңбекпен айналыса тұра, әлеуметтік жеңілдіктерден, кәсіби қорғаудан және көтермелеуден тыс қалып жатады.
«Егер осы қызметкерлер бір күн жұмыс жасамаса көше ластанып, мекеме іші кірленіп, жиһаздар шаң болып біз күнделікті көріп жүрген тазалықтың сәні кетер еді. Біз неге осыған мән беріп қарамаймыз? Тіпті, өзім тікелей қарапайым аула сыпырушы, техникалық қызметкерлермен де сөйлестім. Олардың айтуынша: еңбек ақы аз, жеңілдік жоқ, тіпті адамдар арасында қарапайым техничка деп менсінбей қараушылық басым екенін де айтты. Бүгінде бұл санаттағы еңбеккерлердің: жалақысы төмен; Әлеуметтік мәртебесі нақты айқындалмаған; Сауықтыру мен тынығуға мүмкіндігі шектеулі; кәсіби дамуға жағдайы қарастырылмаған. Ал енді осы қызметкерлердің мәртебесін қалай көтереміз? Ол үшін кез келген мемлекеттік, квазимемлекеттік мекемелер осы санаттағы қызметкерлерге жылына бір рет тұрақты түрде мекеме есебінен санаторийге жолдама және 13-ші жалақысын беру керек. Сонымен қатар еңбек демалысына шыққанда 2 айлық емдік пособиясын беру қажет. Себебі оларда онсыз да еңбек ақысы аз. Және міндетті түрде қайта даярлау және кәсіби даму курстарына ақысыз қатысуына жағдай жасау керек. Бұл — оларға мамандықтарын өзгертуге мүмкіндік береді. Ал зейнетке шыққан ардагерлерге мекеменің арнайы құрметті атағы не марапатын енгізу қажет» деді халық қалаулысы өз сауалында.
Фото: BAQ.KZ