Елімізде жұмысшы мамандықтарға қатысты жобалар туралы айтқанда ең алдымен еңбек адамының беделін көтеру, кәсіби білім беру және еңбек нарығына қажетті мамандықтар бойынша оқытуды жетілдіру биылғы алға қойылған жоспарлардың бірі.
Бүгінгі таңда елімізде 772 колледж кадрларын даярлау жүзеге асырылуда. Контингент барлығы 556 мың студентті құрайды, оның 85 пайызы грант бойынша оқиды, ал мемлекеттік білім беру тапсырысының 65 пайызы техникалық мамандықтарға бағытталған. Мемлекеттік тапсырыс геология, энергетика, металлургия және машина жасау, көлік, байланыс, IT, құрылыс, педагогика және медицина, тау-кен және су салалары сияқты бағыттар бойынша ұлғайтылады.
Сондай-ақ, колледж студенттерін қолдау мақсатында стипендиялық төлемдердің мөлшері екі есеге ұлғайды: 2023 жылы – 50 пайыз, 2024 жылы – 50 пайыз, 300 мыңнан астам студент қамтылды. Мұқтаж студенттердің 87 пайыздан астамы жатақханаларда орынмен қамтамасыз етілген. 2019 жылдан 2023 жылға дейін 14,8 мың орындық 76 жатақхана, биыл тағы 2,5 мың орындық 11 жатақхана пайдалануға берілді. Бұдан басқа, мемлекеттік тапсырыс бойынша білім алушылар әлеуметтік қолдаумен – тамақпен және жол жүрумен қамтамасыз етілген. Бұл сөзсіз, белсенді халық арасында техникалық мамандықтарға қатысуға әсер етті.
Колледждер 227 мамандық және 753 біліктілік бойынша білім беру бағдарламаларын жүзеге асырады.
Соның ішінде Жамбыл облысы агроном мамандарын даярлауға кіріскенін айта кетуге болады.
Яғни, Президенттің жұмысшы мамандықтарын қолдау тапсырмасы аясында Шу қалалық колледжінде алғаш рет агроном мамандығы ашылды. Онда алғашқы жылда 50 талапкер қабылданады.
Жалпы аймақта ауыл шаруашылығы мамандарына сұраныс артып келеді. Шу колледжі биылдан бастап агросала мамандарын дайындайды. Жаңа мамандыққа 50 грант берілгелі отыр. Онда агроном болам деген 9-11-сыныпты аяқтаған талапкерлер қабылданады. Олар 3 жыл бойы жер қыртысын зерттеп, топырақтың құнарлығын анықтау тәсілдерін меңгереді. Тіпті мықты маман болу үшін аптасына үш рет алқап басында тәжірибелік сабақтардан өтеді.
— Бұның барлығы – Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауымен, қолдауымен болып жатқан іс-шара. Осы 2025 жылы бізге «Қызыл жер» компаниясының септігі тиіп, агрономия мамандығын ашып отырған жайымыз бар. Бүкіл зертхана кабинетін, оқулығынан бастап түгел партасына дейін жасақтап берді. Жалпы облыс бойынша колледждердің ішінен осы Шу колледжі ғана инвестициямен мамандық ашып отыр. Жамбылда өткен оқу жылында жұмысшы мамандықтарына 4,5 мың грант бөлінді. Бұл көрсеткіш жыл санап артпақ. Себебі аймақта әлі де токарь маманы, техник-геодезист пен ауыл шаруашылығы, құрылыс саласының мамандары жетіспейді. Жалпы аймақта 28 мың студент болса, оның жартысына жуығы осы жұмысшы мамандығында білім алып жатыр. Олардың біліктілігін арттыру үшін алдағы уақытта арнайы алаңдар ашылмақ, — дейді бұл жөнінде колледж директоры Тоғжан Мұсаева.
Ал, Жамбыл облыстық Техникалық және кәсіптік білім беру орталығының директоры Айбар Сапарғалидың айтуынша өңірде салалық кешен ашу жұмыстары 6 колледж базасында қолға алынбақ. Бұл кешендерде оқу жұмыс бағдарламалары жұмыс берушілермен бірлесе отырып жасалады және де осы өндірістік оқытудан өткен білімгерлер жаңа жұмыс орындарына жақсы бейімделеді. Ағымдағы жылдың шілде айында Жамбыл инновациялық жоғары колледжінде 1С сертификаттау орталығы ашылады. Қазір дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Облыстағы 28 колледжде дәнекерлеуші, электрик, автокөлік жөндеуші, экскаваторшы, наубайшы, кондитер сынды 49 жұмысшы мамандығын даярлайды. Оларды жұмыспен қамту үшін оқу орындары кәсіпорындармен серіктестік орнатқан. Соның есебінен оқу бітірген мамандардың 90 пайызы жұмыспен қамтылып отыр.
Фото: 7kun.kz