Шикізат өндірісі мен өңдеу өнеркәсібі, энергетика, инфрақұрылымдық жобалар жұмысшы мамандықтарысыз мүмкін емес. Жыл сайын Қазақстанда жаңа өндіріс орындары мен кәсіпорындар ашылады, оларды сапалы мамандармен қамтамасыз ету елдің экономикалық болашағы үшін маңызды.
Осыған байланысты Жамбыл облысында жұмысшы мамандықтарының беделін арттыруға бағыттылған ақпараттық идеологиялық жұмыстар кеңінен жүргізілуде. Арнайы медиа-жоспар бекітілген, жоспар бойынша бүгінгі күнге дейін 11 мыңнан астам материал жарық көрді.
Атап айтқанда, баспа басылымдарда «Еңбек адамының еңсесі биік», «2025 жыл – Жұмысшы мамандықтарының жылы», «Еңбек адамдарына құрмет», «Человек труда» айдарларымен 142 мақала, интернет-сайттарда 201 материал, әлеуметтік желілерде 2 инфографика мен 6 ролик таратылып, 10992 пост жарық көрді. 65 сарапшылар пікірі жарияланды.
— Жергілікті телеарналардың эфирінен, яғни, «JAMBYL», «77TV» және «Taraz 24» телеарналарынан 77 сюжет көрсетілді. Жұмысшы мамандықтары жылы аясында мамандық шеберлерімен 12 бейнеролик түсірілді. Нақтырақ айтсақ, Жұмысшы мамандықтары жылына орай «Jambyl» телеарнасынан «Мамандық сыры» бағдарламасы ашылып, айына 2 рет эфирге шығуда. Бүгінгі күнге әр түрлі кәсіп иелерімен 6 хабар жарық көрді, — дейді бұл жөнінде Жамбыл облысы әкімдігі Ақпарат және қоғамдық даму басқармасының басшысы Жанболат Нұрмолдаұлы.
Тараз қаласы мен аудандарда Жұмысшы мамандықтары жылы бойынша 73 сыртқы көрнекі ақпарат құралдары орналастырылды.
Басқармаға қарасты облыстық жастар ресурстық орталығы тарапынан Жұмысшы мамандықтарының жылына орай бірқатар іс-шаралар ұйымдастырылды. Атап айтқанда, жастарға өндіріс орындарының тыныс тіршілігімен кеңінен таныстыру мақсатында «Alashprom», «КазФосфат» ЖШС зауыттарына экскурсиялар өтті.
Облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуында маңызды рөл атқаратын еңбек адамдарының мәртебесін арттыру мен оларды насихаттау бойынша «Еңбек адамы» жобасы, «Еңбектен тапқан бақытын» тақырыптарында еңбек адамдарымен кездесулер өткізілді.
Жастарды уақытша жұмыспен қамту мақсатында облыс бойынша «Жасыл Ел» еңбек жасақтарының маусымдық жұмыстарына жұмысшы жастар тартылуда. 2000 жас жыл соңына дейін жұмыспен қамтылатын болады.
Жұмысшы мамандықтарда білім алатын жастар үшін «Кәсіби маман – 2025» кәсіби мамандар байқауын өткізу жоспарда бар. Бүгінде байқаудың аудандық іріктеу кезеңдері өтуде.
Қалай айтсақ та, Жұмысшы мамандар жылының жариялануы ел ішінде үлкен қолдауға ие болды. Қоғам өкілдері, кәсіпорын басшылары, салалық қауымдастықтар мен еңбек ардагерлері бұл бастаманы құптап, оның әлеуметтік әділдік пен кәсіби беделді қалпына келтіру жолындағы маңызды қадам екенін айтады. Әсіресе, жастардың техникалық және кәсіби білім алуға қызығушылығының артуы және еңбек адамына деген қоғамдағы көзқарастың өзгеруі оң нәтиже бермек.
Фото: Buqara.kz