ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Н. Сәрсенғалиев Премьер-министрдің орынбасары Е. Көшербаевқа шекара өтіндегі ауылдарда бастауыш мектептердің жабылып жатқанын айтып, депутаттық сауал жолдады.
«Ауылындағы мектеп жабылғандықтан басқа елдімекенге мәжбүрлі түрде оқуға аттанған оқушылардың ата-аналары да көшіп жатыр. Ал адамы көшкен ауылдың картадан өшетіні белгілі. Бұл Қазақстанға үлкен қатер төндіреді, бір ғана дерек айтайын: соңғы 5 жылда елімізде 194 ауыл жабылып қалды. Бүгінгідей бұйрықтың бұйдасымен кете берсек бұл сан көбейетіні анық. Себебі мектептің жұмыс істеп тұруы үшін белгіленген ең аз оқушы санына сұрақ жетіп артылады. Өйткені бір өңірде адам көп, бір өңірде адам аз. Сондықтан бір стандартта бәріне бірдей таңу қате. Ендеше аталған нормативтерді қайта қарайтын кез келді. Себебі Батыс Қазақстан облысының Ресей Федерациясымен шектесетін 8 ауданының 7-інде бала санының аздығына байланысты мектептер жабылмақшы. Нормативке өзгеріс енгізбесек тағы 13 мектепті толық көлемде сақтап қала алмаймыз» дейді депутат.
Бір мысал ретінде облыс орталығынан шалғайда орналасқан, жабылудың аз-ақ алдында тұрған Бөкей Ордасы ауданына қарасты Жиекқұм елді-мекеніндегі Темір Масин мектебін немесе Үштерек елдімекеніндегі білім ордаларын алуға болады. Мектеп жабылса бітті, себебі білім ордасы бар көрші елді-мекендер қашықта орналасқан. Сонда мектеп жасындағы балалар қайда барады? Кімнің босағасын сағалайды?
Осыған байланысты депутат Н. Сәрсенғалиев шекара маңында орналасқан мектептер үшін белгіленген нормативтердің шегін азайтуды ұсынды.
Фото: Inbusiness.kz