Шынында өз кәсібін жетік меңгерген мамандар ұлт сапасын арттырады. Жұмыстың жаманы жоқ, кез келген еңбек – қадірлі. Ең бастысы, әркім жауапкершілікті терең сезініп, өз міндетін сапалы атқаруы тиіс.
Жамбыл облысында халықты жұмыспен қамту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. 2025 жылдың 1 сәуіріндегі мәліметке сәйкес, облыс халқының саны 1 миллион 221 мың адамды құраса, оның ішінде 26 152 адам жұмыссыз ретінде тіркелген. Бұл – жалпы халықтың 4,8 пайызы.
«Еңбек нарығын дамытудың 2024–2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы» аясында өңірде 55 179 адамды жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тарту көзделген. Қазіргі таңда 20 199 адам әртүрлі шараларға қатысып, жылдық жоспардың 36,9 пайызы орындалды. Оның ішінде 5 870 адам тұрақты жұмысқа орналасқан.
Сонымен қатар, Еңбек мобильдігі орталығы облыстағы ірі кәсіпорындармен бірлесіп, 442 жұмыс берушімен халықты жұмыспен қамту бойынша меморандумдарға қол қойған. Бұл қатарда «Еврохим», «Талас Инвест», «Казпромтемир», «Korcem», «Казсода» сияқты өндіріс орындары бар.
Биыл елімізде «Жұмысшы мамандықтар жылы» болып жарияланғанына байланысты Жамбыл облысында 130-дан астам бос жұмыс орындары жәрмеңкесі және 100-ге жуық мекемеде ашық есік күндерін өткізу жоспарланған. Қазіргі таңда колледждер базасында 89 ашық есік күні мен 45 бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтіп, оған 4 500-ге жуық адам қатысып, шамамен 3 000 адам жұмысқа жолданды.
Фото: Кең Жылой