Бүгінде Жамбыл облысы бойынша 45 715 мүгедектігі бар адам тіркелген. Бұл облыс халқының жалпы санына шаққанда 3,7 пайызды құрайды.
— «AMANAT» партиясы мүмкіндігі шектеулі жандарға қолжетімді орта құруды басты әлеуметтік басымдықтарының бірі деп санайды, — дейді бұл жөнінде «AMANAT» партиясы облыстық филиалының төрағасы Дауыл Бейсенқұлов. — Бұл бағытта партия бірнеше ауқымды жобалар мен нақты шараларды іске асырып келеді. Біз өткен жылы жоба аясында 422 іс-шара өткізіп, 8075 адамды қамтыдық. Атап айтқанда, ерекше қажеттіліктері бар адамдарға қолдау көрсету, олардың өмір сүруге ынтасын арттыру бойынша олар жасаған қолөнер бұйымдарының сатылым жәрмеңкесі өз деңгейінде ұйымдастырылды. Сондай-ақ, мүмкіндігі шектеулі жандар үшін бос жұмыс орындар жәрмеңкесі өтті. Нәтижесінде, 527 адам тұрақты жұмыспен қамтылды.
Тағы бір айтары, 2024 жылы ерекше қажеттілігі бар жандарға нысандардың қолжетімділігін тексеру мақсатында 65 рейд жүргізілді. Мониторинг барысында мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған автотұрақ, пандус, қызметкерлерді шақыру қоңырауы, бағыттаушы тактильді сары жолақтар, брайль әріптерімен жазылған тактильді ақпараттық тақташа, бағыттаушы белгілер, арнайы әжетхана болуы жайында түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ, 258 нысанның әлеуметтік инфрақұрылымдары бейімделді және кейбір нысандар бойынша тиісті мекемелерге 30-дан аса ұсыныстар берілген.
Өткен жылдың мамырында «AMANAT» партиясының Сайлауалды бағдарламасындағы «Инклюзиялық қоғамның дамуына көмектесу» басымдық бағытын іске асыру аясында ерекше білім беруді қажет ететін балалар үшін «Тең мүмкіндіктер» атты инклюзиялық спорт фестивалі өтті.
«AMANAT» партиясы мен «Болашақ» қорының қолдауымен облыстағы мектептерде 10 инклюзияны қолдау кабинеттері мен ресурстық орталықтар ашылды.
Фото: Егемен Қазақстан