Бұл туралы ҚР Парламенті мәжілісінде өткен Үкіметтік сағатта заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің
төрағасы С. Имашева айтты. Үкімет сағатында депутаттар Қазақстандағы жеке сот орындаушылары институтының проблемалары мен даму перспективаларын сарапқа салды.
Депутат С. Имашева 2011 жылы баламалы жеке орындау институтын құру мемлекеттік сот орындаушыларының жүктемесін азайтып, сот актілерін орындаудың тиімділігі мен сапасын арттыруға бағытталған еді дейді. Дегенменде 2018 жылға дейін жылына орта есеппен алғанда 2,5 млн іс орындауда болса, қазір істердің саны 9,5 млн. жетті. Сондықтан бұл институт әлі де мемлекет тарапынан ұдайы бақылау мен үнемі жетілдіруді қажет етеді.
«Сот орындаушысының әрекетсіздігіне тиісті шағым әділет департаменттеріне, палаталар мен соттарға азаматтар мен заңды тұлғалардан келіп түсетін ең көп шағымдардың бірі. Көптеген жылдар бойы сот орындаушысы ең алдымен өзіне пайда әкелетін құжаттарды орындауға тырысып, басқа құжаттарға, әсіресе «әлеуметтік сипаттағы» құжаттарға аз уақыт пен күш жұмсайтын үрдіс әлі де жалғасып келеді. Мұндай істер бойынша сот орындаушысы борышкерді іздеуге асықпайды, әңгімелесуге шақырмайды, мүлік пен ақшаны өндіріп алу үшін тексеру және іздеу бойынша шаралар қабылдамайды, тыйым салуды уақтылы қолданбайды. 2024 жылы прокурорлар борышкерлердің алименттерді, жалақыны және мемлекет пайдасына сомаларды орындаудан жалтаруының 6210 фактісін анықтады» дейді Снежанна Имашева.
Айталық,
— 2,6 млрд теңге қарызы бар 1761 борышкер онлайн-казино мен букмекерлік кеңселерде 5,8 млрд теңгеге ставкалар жасаған;
— 325 миллион қарызы бар 484 борышкер Қонаев пен Щучинск казиносында 147 миллион жұмсаған;
— 3,3 млрд қарызы бар 2536 борышкер электрондық әмияндардағы 5.1 млрд теңге кірістерін жасырған;
— 130 миллион қарызы бар 72 адам 4 жылжымайтын мүлік объектісі мен 84 автокөлікті әдейі иеліктен шығарған.
236 миллион қарызы бар 117 борышкер өз шоттарынан 2 млрд теңге еш кедергісіз шешіп алған, 210 млн берешегі бар 300 борышкер 55 миллионға бағалы заттарды ломбардқа тапсырған.
«Осы кезде неге сот орындаушы әрекетсіздік танытты, қайда болды, неге дереу шаралар қабылдамады?» дейді депутат.
Фото: Stan.kz