Биыл қырыққабаттың алғашқы өнімі сәуірдің ортасында жинала бастады. Бүгінгі таңда облыста 260 тоннадан астам қырыққабат және 40 тоннадан астам салат жапырақтары жиналды.
«Қазсушардың» Түркістан облыстық филиалы осы дақылдар өсірілетін алқаптарға 346 млн текше метр су жіберген. Қазір жергілікті диқандардың өнімдері сатуға және экспортқа жіберіліп жатыр.
«Биыл су молынан келді. Алдағы уақытта да осылай жалғаса берсе, бәрі жақсы болады. Бұйырса, диқандардың ісі алға басып, жақсы өнім аламыз»,
— деді Түркістан облысы Мақтаарал ауданының тұрғыны Мырзадин Әлиев.
«Былтыр біз Қазақстанның оңтүстігіндегі шаруаларды суармалы сумен толық қамтамасыз еттік. Биыл да жұмыс қарқынын бәсеңдетпейміз. Нәтижесінде шаруалар қазірдің өзінде жақсы өнім алып жатыр»,
— деді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.
Айта кетейік, бүгінгі таңда «Қазсушардың» Түркістан облыстық филиалы өңірдің шаруаларымен биылғы суару маусымында су беру бойынша 7 552 келісімшарт жасасты.
Фото: Су ресурстары және ирригация министрлігі