«Жер бетіндегі су ресурстарының 96,5%-ын мұхиттар құраса, тек 3,5%-ы тұщы су. Оның 1,7%-ы жер асты сулары, ал өзендер мен көлдердегі беткі тұщы су мөлшері небәрі 0,02%-ды құрайды. Бүгінде әлемдегі жалпы су тұтыну көлемі жылына шамамен 4,3 трлн текше метрді құрайды. Құрғақ климаттық аймақта орналасқан Қазақстан үшін су тапшылығы – аса өзекті мәселе. Оны шешуді күрделендіретін негізгі факторлар – елдің негізгі су артерияларының трансшекаралық сипаты, су қоймаларының ластануы және суды тиімсіз пайдалану. Қазақстан әлемдегі 179 елдің ішінде су қоры бойынша 66-орында тұр. Сонымен қатар, жан басына шаққандағы су тұтыну көлемі бойынша 11-орынды иеленеді. Сондықтан, су ресурстарын тиімді әрі ұтымды басқару – еліміз үшін өмірлік маңызы бар міндет», – деді ҚР Президенттік орталығының директоры Бақытжан Темірболат.
«Бүгінде су ресурстарын сақтау және тиімді пайдалану мәселелері бұрын-соңды болмаған сын-қатерлерге тап болуда. Оларға климаттың өзгеруі, халық санының өсуі, су қоймаларының ластануы және су тапшылығы бар аймақтардағы тұрақсыздық жатады. Осы сын-қатерлерге жауап ретінде Қазақстанда су шаруашылығы саласы ауқымды трансформациядан өтуде. Бұл өзгерістердің басты бағыттарының бірі – су шаруашылығы инфрақұрылымын жаңғырту және жаңадан салу. Орта мерзімді перспективада елімізде 42 жаңа су қоймасын салу, 37 гидротехникалық нысанды қайта құру, сондай-ақ 14 мың шақырымға жуық ирригациялық каналдарды салу және жөндеу жоспарлануда. Қазіргі уақытта жаңа Су кодексі әзірленді, 2024-2030 жылдарға арналған Қазақстанның су ресурстарын басқару жүйесін дамыту тұжырымдамасы және 2024-2028 жылдарға арналған су саласын дамыту жөніндегі кешенді жоспар бекітілді. Қазақстан тұрақты және теңгерімді шешімдер табуға, халықаралық озық тәжірибелер мен инновациялық технологияларды қолдануға ұмтылуда», – деп атап өтті ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігінің Су ресурстары комитетінің төрағасы Арсен Жақанбаев.
Конференция Қазақстандағы су ресурстары саласындағы негізгі мәселелер мен сын-қатерлерді талқылау, оларды шешу жолдарын іздеу және су қорларын тұрақты басқару бойынша халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға арналған маңызды алаңға айналды.
Фото: Егемен Қазақстан