Жасыратыны жоқ, кей кездері айтпайын десең де өтірікті «ысқыртуға» тура келеді. Өткенде бір кісі аяқ астынан үлкен жиынға шақырды. Қатыспай-ақ, басқа тілшілерден ақпарат алып, мақала етіп жаза салуға болатын-ақ жиын. Оның үстіне өзім шаршап, үйге қайтуға жиналып жатқанмын. Өтірік айтуға тура келді.
— Аға, «Шақырған жерден қалма» деген қазақпыз ғой. Жиыныңызға қатысар едім. Бірақ қазір ғана басшылық бір тапсырма беріп, сонымен шұқшиып отырмын. Мүлдем мойын бұруға уақыт жоқ. Басқа газеттерден алып, іс-шараларыңызды газетте мақала етіп шығарып берейін, — дедім аяқ астынан қиыннан қиыстырып…
Түсінген сияқты болды. «Жақсы, өзіңе сендік» деп, рахметін айтты. Содан үйге кетіп бара жатсам, жолда бастығым телефон шалып: «Тез арада жасөспірімдер қылмысы туралы көлемді мақала керек. Екі сағат уақыт беремін… Тезірек дайындап бер» дейді. Бастықтың аты бастық. «Жақсы, дайындап берейін» дегеннен басқа ештеңе айта алмадым. Бірақ іштей «Ойпырмай, ә» деп қалғаныммен, айтқан өтірігімнің артынша-ақ расқа айналып кеткеніне шіли мән бермедім. Редакциядан күн сайын тапсырма түсіп жатады. «Сондай тапсырманың бірі, бұл жай ғана сәйкестік» дедім де қойдым.
Содан қайбір күні облыстағы жердің бастығына телефон шалдым. Бір шаруаларды шешу керек болды. Бірақ ол кісі телефонын көтермеді. Амал жоқ, шаруаны басқа кісілер арқылы шештік. Кешке жақын әлгі облыстық жердің бастығы телефон шалды. «Мен сіздің телефон шалғаныңызды енді көрдім. Күні бойы жиналыста болып едім, жайша «звандадыңыз» ба?» деп… Шаруам шешіліп қойған соң, тағы қайталап айтып жүрем бе?
— Аға, Байзақ ауданынан жер дауымен бір кісілер кеп еді. Соның кейбір тұстарын анықтайын, өзіңізден ақыл-кеңес сұрайын деп телефон шалып едім, — деп, өтірік айта салдым. «Е, онда хабарласарсыз…» деп, аз-маз ақыл-кеңесін айтты да «Жақсы!» деп қоштасты.
Екі күн өтті ме, жоқ па, бір кісі келді. Амандық-саулықтан кейінгі әңгімесі мынау болды: «Айналайын, мен мынау Байзақ ауданынан едім. Жер дауы деген тегі бәле болды… Қаншама жылдан бері ауылда жерге таласып, бармаған жерім қалмады…» деп, алдыма бір бума қағаздарын жая берді.
Бұл жолы іштей «Астапыралла, астапыралла!..» деп, тіксініп қалдым. Бірақ, бәрібір «Тағы да сәйкестік» деген ой келді. Газет болған соң арызданушылар көп. Күнара кеп тұрады. «Солардың бірі ғой» дедім де қоя салдым.
Бүгін таңертең құдай бере салған келіншегім:
— Орал, коммуналдық қызметтердің ақшасын төледің бе? Әлде ақшаны құртып қойдың ба? – деп, көзіме күдікпен қарады.
— Бүгін төлеймін ғой…
— Неге? Үйден ақша алып кетіп едің ғой.
Табан астында не өтірік айтарымды білмей, ұялғанымнан тоңқаңдап туфлиімнің бауын ұзағырақ байлай бердім. Тығырықтан келіншегімнің өзі құтқарды.
— Әлде ақшаны тағы біреуге қарызға беріп қойдың ба?
— Иә, бір жігіт бір-екі күнде қайтарамын деп қоймаған соң қарызға беріп едім. Бүгін әкеп береді. Аламын да бірден төлеп тастаймын…
Келіншегім «Қайдам, қайдам… Тезірек квитанцияларды алып келмесең, мына тексерушілер қайта-қайта кеп, мазаны алды. Мүмкін болса түскі асқа келгенде «Төленді» деген қағаздарды ала келші» деп, жұмысқа шығарып салды.
Шынымды айтсам, ол коммуналдық қызметтердің ақшасын басқа жаққа құртып жібергелі қашан? Бүгін емес, осы аптаның ішінде төленсе де жақсы. Амал жоқ, басымды қаси-қаси мен кеттім.
Содан жұмысқа жақындағанда бір әріптес інім телефон шалды. «Кабинетіңізге барсам, жоқ екенсіз, жолығайын деп едім» деп…
— Иә, мен қазір жақындап қалдым, бес-он минөттен кейін кабинетте боламын…
Жолықтық. Амандық-саулық сұрастық. «Неге келді екен? Не мәселе айтпақшы» деп екі ойлы боп отырғанда әріптесім: «Аға, өткенде өзіңізден біраз ақша қарыз алып едім, соны қайтара алмай ұят боп жүр еді… Соның реті бүгін келді… Кешіктірді деп айып етпеңіз» деп, қолыма ақша ұстатып жатыр.
Шынымды айтсам, «Біссіміллә, біссіміллә, Астапыралла, астапыралла…» деп отырып қалдым. Расында осыдан біраз уақыт бұрын бұл жігітке қарыз ақша бергенмін. Бірақ мүлдем-мүлдем ұмытып кетіппін. Ойпырмай, мұндайда болады екен-ау… Мұны да жай ғана сәйкестік дейміз бе, қайтеміз енді? Өтірік айтуға да қорқып қалдық қой осыдан кейін…
Содан келіншегіме квитанцияларды жеткізіп беріп, «Енді қандай өтірік айтсам екен?» деп, кабинетте ойланы-ы-е-еп отырмын. Әншейінде өтірік айту оп-оңай сияқты көрінетін еді. Бірақ аузымды былғап, анау-мынау, жеңіл-желпі өтірік айтқым келмей отыр да… Орысша айтқанда «достойный», лайықты өтірік айту керек қой…
Оралхан ДӘУІТ, «Ақ самаурын» кітабынан
Фото: Hi-News.ru