Нақтырақ айтсақ, 2024 жылы Жамбыл облысына бекітілген жоспар 80 мың гектар болатын. Жыл соңына дейін бұл жоспар 128,1 пайыз орындалып, 102,5 мың гектар жер мемлекетке қайтарылды. Оның ішінде 93,1 мың гектар жайылымдық, 8,6 мың гектар егістік, 728 гектар өзге жерлер.
— Енді биылғы жылы Ауыл шаруашылығы министрлігі біздің облысқа 90 мың гектар жерді қайтаруды белгілеп отыр, — дейді Жамбыл облысының жер ресурстарын басқару департаментінің басшысы Қ. Серікбаев. — Жыл басынан бері көлемі 10,1 мың гектар жер қайтарылды. Осылайша айлық жоспар 288 пайызға, тоқсандық 118 пайызға орындалып отыр.
Жалпы алғанда өткен жылы қайтарылған жерлердің 42,6 пайызы осы департаменттің талабы негізінде сот шешімімен қайтарылған. Енді осы жылы нұсқама мерзімі бітетін көлемі 28,5 мың 44 жер учаскелері бар. Қазіргі таңда, Шу ауданында көлемі 1,8 мың гектар және Меркі ауданында көлемі 5,2 мың гектар жер учаскесін мәжбүрлі түрде алып қою туралы сотқа талап арыз берілді.
«Дегенменде бұл 28,5 мың гектардың барлығы қайтарылады деуге болмайды. Себебі, жерлерін қайта пайдалануға кірісетін тұлғалар болады, сотпен талабымыз қанағаттандырусыз қалдырылуы мүмкін. Осыған орай, биылғы жоспардың орындалуы әкімдіктер мен жер бөлімдері атқаратын жұмыстарына тығыз байланысты болмақ. Әкімдіктер жерлерін пайдаланбай, ол ауданда (ауылда) тұрмай, жеріне инвестиция салмай, жұмыс орындарын ашпай отырған жер пайдаланушыларды анықтап, олардың тізімін жасақтап қоюы керек» дейді Жамбыл облысының жер ресурстарын басқару департаментінің басшысы Қ. Серікбаев.
Фото: Stan.kz