Әнші Мөлдір Әуелбекова коронавирус жұқтырып, ауруханада жатқанын айтты. Бұл туралы өнер иесі Instagram-дағы парақшасында жазды.
«Бұл жағымсыз жаңалығыммен бөліскім келмеп еді… Бірақ мына жақтағы көріністі көзбен көріп, өз басымнан өтіп жатқан соң, сіздерге өтініш білдіру мақсатында бөлісуді ұйғардым. Бірнеше уақыттан бері біз COVID-19 бен ауруханада жатырмыз. Дер кезінде бұйырған емді қабылдап қазіргі хәліміз Алланың қалауымен жаман емес, шүкір. Сіздерге өтініш, сақтанып жүріңіздерші! COVID өршіп тұр. Қажетсіз жиындар, той мен отырыстан бас тартыңыздаршы, бетперде шешпей киіп жүріңіздерші. Үйдегі әлсіз қарттарымыз үшін, кішкентай бала-шағамыз үшін және мен сияқты иммунитеті төмен аяғы ауыр келіншектер үшін бұл өте маңызды. Алла жұртымыздың амандығын берсін! Сырқаттарға шипасы мен жеңілдігін берсін! Сақ болайық! Аман болайық! Сау болайық!», — деп жазды әнші.
Бұны естіген желі қолданушылары өнер иесіне тезірек сауығып кетуін тілеген. «Алла шипасын берсін! Тез жазылыңыз», Тез жазылып кетіңіз. Тілекшіміз», Ауырмаңыз, құлан таза айығып кетіңіз», — дейді пікір қалдырушылар.
Айта кетейік, Мөлдір Әуелбекованың аяғы ауыр. Әнші екінші сәбиін күтіп жүр. Өнер иесі өткен жылы екінші рет тұрмысқа шыққан болатын. Алайда оның жүрегін жаулаған азаматтың кім екені әлі күнге дейін құпия. Әнші жеке өміріне қатысты жаңалықтармен желіде бөлісе бермейді.