Сала мамандарының мәліметіне сүйенсек, ағымдағы жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларына 3301 азамат қатысқан. Сондай-ақ 2217 адам жұмыспен қамтылған. Оның 911-і тұрақты жұмысқа орналасыпты. Субсидияланатын жұмыс орындарына 1306 адам орналастырылған. Оның ішінде әлеуметтік жұмыс орындарында 148 адам, «Жастар практикасына» – 304, қоғамдық жұмыстарда – 659, «Алғашқы жұмыс орны» жобасы аясында – 90, «Күміс жас» жобасы аясында 105 адам жұмыспен қамтылған көрінеді. Жеке бастамалар аясында «10 мың тұрғынға 100 тұрақты жұмыс орны» бойынша 755 жаңа жұмыс орны ашылған. Сондай-ақ, «Бастау бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқытумен 248 адам қамтылды, оның ішінде 199 адам оқуды аяқтап, сертификаттар алған. Бұдан басқа, жаңа бизнес-бастамаларды іске асыру үшін ағымдағы жылдың басынан халықтың әлеуметтік осал санаттарына 400 АЕК дейінгі (1 476 800 теңге) мөлшерде 81 грант беріліп отыр.
Жасыратыны жоқ, жұмысқа орналасу әсіресе, оқу орнын жаңа бітірген жас түлектер үшін аса қиын. Себебі тәжірибесі жоқ жас маманды екінің бірі жұмысқа қабылдай бермейді. Ал мұндай жастарға «Алғашқы жұмыс» жобасы көмекке келеді. Ол тәжірибесі жоқ жастар үшін жұмыс істеп, тәжірибе жинақтауға зор мүмкіндік беретін жоба. Еш жерде жұмыс істемеген, есепшотына зейнетақы түспеген кез келген жас өтінім берген жұмыс берушілерге «Мансап» орталығы тарапынан жолданып, 18 ай жұмыс істей алады.
Осындай жанның бірі – кентаулық Жанира Ходжаева. Ол «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жобаға» сәйкес, «Алғашқы жұмыс» бағдарламасы арқылы кәсіпкер Махсутова қарамағына жолданып, бухгалтерлік қызмет көрсету бойынша біршама тәжірибе жинақтап, біліктілік мен кәсіптілікке машықтанғанның нәтижесінде, маман ретінде еңбек етуінің арқасында өзін жақсы жағынан көрсетуде. Жанира Асқарқызының еңбекқорлығын ескерген жұмыс беруші оны тұрақты жұмысқа қабылдағысы келеді.
«Алғашқы жұмыс орны» жобасының қатысушы – Айсәнім Әбілбаттаева «Академик А.Бөкетов атындағы Қарағанды университетін» фармацевт мамандығы бойынша оқу бітірген. 2023 жылы оқуды бітіріп, Кентау қаласына келін болып келген ол жыл басында жұмыссыздыққа тіркеліп, көп ұзамай «Бақару» клиникасына өз мамандығы бойынша жұмысқа жолданған.
Кез келген салада жұмыс істеу үшін алдымен тәжірибеден өтіп, біліктілікке қол жеткізу заңдылық. Әсіресе, ақ халатты абзал жандар үшін науқас адамға ине салып, система құю, ауру жанның диагнозын дұрыс анықтап, ем-домын беру үлкен жауапкершілікті талап ететіндіктен, дәрігерлердің алғашында практика жүзінде жұмыс істеуі өте қажет. Болашақ дәрігер Аружан Жұматова Түркістан қаласындағы медициналық колледжді бітірген соң, дипломын қолға алған бойда Кентау қалалық «Мансап» орталығына келген. Дипломына сәйкес Кентау қалалық ауруханасына «Жастар практикасымен» жолданған Аружан бүгінде бір кісідей-ақ хирургия бөлімінде мейірбикенің барлық жұмысын істеп жүрген маман. Аружанның ем алушыларға мейірімділікпен, жанашырлықпен қарайтындығын, жұмысына деген ынтазарлығын байқаған бас медбике жас маманнан болашақта көп үміт күтуге болатындығын атап өтті.
«Жастар практикасына» алған кәсібі (мамандығы) бойынша бастапқы жұмыс тәжірибесін алу мақсатында білім беру ұйымдарының жұмыссыз түлектері қатыса алады. Жұмыс беруші «Жастар практикасына» қатысушыларға кәсіби білім мен жұмыс тәжірибесін беру үшін тәлімгерді бекітеді. 2024 жылы осы бағытта барлығы 40 мың жас қазақстандықты жұмысқа орналастыру жоспарлануда. Жыл басынан бері «Жастар практикасы» бойынша жұмысқа орналасқандардың ең көп саны Түркістан облысына тиесілі – 2,9 мың адам. Республика бойынша орташа жалақы мөлшері 109,5 мың теңгені құрайды. «Жастар практикасы» арқылы жұмысқа орналастырылғандар арасында ең көп сұранысқа ие мамандықтар: мейіргер – 1 084 адам, заңгер – 767, тәрбиеші – 558, бастауыш сынып мұғалімі – 541, бағдарламашы – 524 адам.
Бүгінгі күні NEET санатындағы жастарға қатысты мәселені шешу бағытында мемлекет тарапынан түрлі жобалар ұсынылып, әртүрлі бағытта іс-шаралар атқарылуда. Бұл топ – білімі бар, бірақ түрлі себеппен жұмысқа тұрмаған жастар болып табылады. Осы бағытта NEET санатындағы жастар санын азайту және жұмысқа жарамды мүмкіндігі шектеулі жастарды жұмыспен қамту мақсатында Кентау жастар ресурстық орталығында «Бос жұмыс орындары» жәрмеңкесі өтті. Жәрмеңкеге 37 бос жұмыс орындарын ұсынған 8 мекеме қатысып, шараға келген қала жастарына мемлекеттік бағдарламалар түсіндірілді. Жәрмеңке барысында 2 адам тұрақты жұмысқа орналасып, 2 адам «Жастар практикасына» жолданды.
Жалпы алғанда осындай бағдарламалардың арқасында Түркістан облысында атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны 2 есе азайды. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы баспасөз мәслихатында Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды баяндады.
– Республикадағы көпбалалы отбасылардың ауқымды бөлігі біздің облысымызға тиесілі. Еңбекке қабілетті жастардың үлесі мол. Сондықтан, біз жұмыс орындарын ашу мәселесін назарда ұстап отырмыз. Түрлі мемлекеттік бағдарламалар, өндіріс орындарын ашу арқылы тұрғындар, жастар еңбекке тартылуда. Жүйелі атқарған жұмыстың арқасында соңғы екі жылда атаулы әлеуметтік көмек алушылар санын 2 есеге дейін, яғни, 92,4 мың адамға немесе 53%-ға төмендетуге қол жеткіздік. 2022 жылы атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны 198 мың адам болса, бүгінде 92,4 мың адамды құрап отыр. Жұмыс орындарын ашу – біздің негізгі бағытымыз, – деді Дархан Сатыбалды.
Түркістан облысында биыл «Өңірлік жұмыспен қамту картасы» аясында 118 мыңнан астам жұмыс орнын ашу жоспарланып, қазіргі таңда 104 635 жұмыс орны құрылған. Жуырда Ұлыбританияның Қазақстандағы елшісі Кэти Лич Түркістанға келіп, шетелге жұмыс күштерін дайындайтын арнайы орталықтың ашылуына қатысты. Бұл орталықта Ұлыбритания және Оңтүстік Кореяда жұмыс істегісі келетін азаматтарды оқытып, дайындайды.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметінің хабарлауынша Сауран ауданындағы Қарашық ауылында жаңа тігін цехы ашылып, ауыл тұрғындары, жастар мен әйелдер үшін жаңа жұмыс орындары пайда болды. Цехтың ашылуына өңір басшысы Мақсат Таңғатаров пен облыстық мәслихат депутаты Инара Әбдіғаппарқызы, аудандық мәслихат депутаты Нұрсұлтан Абдуллаев арнайы қатысып, көпшілікке жылы лебіздерін білдірді. Жоба Сауран ауандық іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы Дильназ Омарованың ұйымдастыруымен жүзеге асты.
Жаңа өндіріс орнының ашылуы — өңір экономикасының дамуына үлкен үлес қосатыны сөзсіз. Аудан әкімінің айтуынша, бұл жоба ауыл тұрғындарының әлеуметтік жағдайын жақсартуға, жастар мен әйелдер үшін жұмыс орындарын ашуға бағытталған. Аймақ басшысы цехтың алдағы уақытта өнім көлемін арттырып, өңірлік нарықта сұранысқа ие болатынына сенім білдірді. Цех алғашқы кезеңде 20 адамды толық жұмыспен қамтуға қауқарлы. Жоба басшыларының айтуынша, алдағы уақытта өндіріс көлемін арттырып, жаңа жұмыс орындарын ашу жоспарланған.
Фото: azattyq-ruhy.kz