Ресми мәліметтерге сүйенсек, жастарды дене шынықтырумен және спортпен айналысуға тарту процесінде оң динамика бар. Кейінгі жылдары бұл көрсеткіш тұрақты өскені байқалады. Жастар – елдің ертеңі. Ендеше, олардың амандығы мемлекеттің саулығы деген қорытынды шығарсақ қателеспейміз. Осы орайда жеткіншектердің денсаулығын жақсарту, соның ішінде спортпен айналысуға баулу өзекті мәселе екенін ешкім жоққа шығармайды.
Міне, Сарыағаш ауданының жас спортшылары жыл сайын спорт саласына өз үлестерін қосып, өз жетістіктерімен аудан тұрғындарын қуантуда. Осы орайда Атырау қаласында бокстан Қазақстан Республикасының чемпионатында Сарыағаш ауданына қарасты Дербісек ауылының тумасы Рүстем Сапархан және Ақжар ауылының тумасы Қуаныш Урумбасар қарсыласты шақ келтірмей ел чемпиондары атанды.
Айта кетсек, Қазақстан Республикасының чемпионаты 20 және 26 қараша аралығында өткен. Былғары қолғап шеберлері Сарыағаш қаласында орналасқан №1 Қажымұқан атындағы спорт мектебінің шәкірттері.
Сондай-ақ, Шардара қаласында таэквондо ITF спортынан барлық жас ерекшеліктері бойынша Түркістан облысы чемпионаты өтті. Аталған жарысқа облысымыздың түкпір-түкпірінен келген командалар өз бақтарын сынады. Осы жарысты ашып беру үшін аудан әкімнің орынбасары Шомпиев Бауыржан Қуанышбайұлы сөз сөйлеп, спортшыларға сәттілік тілеп жарысты ашық деп жариялады. Келесі сөз кезегін Түркістан облысы мәслихатының депутаты Серманизов Бақытжан Қыпшақбайұлы және Түркістан облысы Таэквондо ИТФ федерациясы Президенты Қамытбаев Айдын Сыпабекұлы өз құттықтауларын айтып жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.
Жарыс қортындысы бойынша:
І орын Шардара ауданына,
ІІ орын Төлеби ауданына,
ІІІ орын Ордабасы ауданына бұйырды.
Жарыс соңында жеңімпаз командаларға арнайы дайындалған грамота, медаль, кубоктар табыс етілді.
Ал, Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев жұмыс сапарымен Мақтаарал ауданына келіп, жасөспірімдер арасындағы қазақ күресінен республикалық «Ауыл барысы» турнирінің ашылу салтанатына қатысты. Сонымен қатар, жарысқа ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Ауыл» партиясының төрағасы Серік Егізбаев және ҚР Парламенті «Ауыл» партиясы төрағасының орынбасары Жигули Дайрабаев елордамыз Астана қаласынан арнайы келді.
«Ауыл» партиясының Түркістан облысы бойынша өңірлік филиалының ұйымдастыруымен өтіп жатқан турнир ҚР Президентінің Жолдауын іске асыру, салауатты өмір салтын насихаттау, ұлттық қазақ күресін көтеру және жастарды спортқа тарту мақсатында өтіп жатыр.
«Бүгінде спорт және дене шынықтыруды дамыту – мемлекеттік ауқымдағы маңызды бағыт. Мықты және өмірге құштар жас ұрпақты тәрбиелеу – еліміздің әлеуметтік саясатының негізгі міндеттерінің бірі. Сондықтан, бүгінгі үлкен жарысты ұйымдастырып жатқан «Ауыл» партиясының басшылығына алғысымды білдіремін. Турнирге қатысушы барша жас балуандарымызға сәттілік тілеймін! Қазақ елінің спорт саласындағы жетістіктері мен табыстары ұлғая берсін!» — деді, Ертай Кенжебекұлы.
Екі күнге созылатын жарысқа Жамбыл, Қызылорда облыстарынан, Шымкент қаласынан және Түркістан облысының қала, аудандарынан 300-ге жуық балуан өз бақтарын сынады. Жарысқа қатысушылар 35, 38, 42, 46, 50, 55, +55 және +60 кг (Түйе палуан) салмақ дәрежелері бойынша күресті. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер демеушілер есебінен арнайы қаржылай сыйлықтар, белбеулер, медаль және дипломдармен марапатталды.
Облыс әкімінің орынбасары Е.Алтаев турнирдің ашылуынан соң Мақтаарал ауданының спорттық инфрақұрылымымен танысып, нысандарды аралады. Атакент кентінде орналасқан «Алпамыс батыр» стадионы мен жақында ғана пайдалануға берілген спорт кешенімен кеңінен танысты.
«Ауыл — ел бесігі» бағдарламасы аясында 2023 жылы құрылысы басталған спорт кешенінің конкурстық құны 600 миллион теңгені құрады. Мердігер мекеме «Нүрі-Л-Жетісай» ЖШС-і құрылыс жұмыстарын жүргізді.
Спорт кешенінде үлкен спорт залы және спортшыларға арналған жаттығу залдары бар. Мұнда волейбол, баскетбол, футзал, гандбол, күрес, бокс, дзюдо және тағы басқа спорт түрлерімен айналысуға мүмкіндік қарастырылып, спорттық мүкәмалдармен толық қамтамасыз етілген. Одан бөлек, ғимарат аумағында жасанды көгалмен жабдықталған футбол алаңшасы, баскетбол, волейбол алаңшалары орналасқан.
Айта кетейік, аудан әкімі Бақыт Асановтың бастамасымен Мақтаарал ауданында жастардың спортпен шұғылдануына көптеген жағдайлар жасалуда. Бұған дейін Қ. Мұңайтпасов атындағы орталық стадионы, «Мырзакент» спорт сарайы ел игілігіне беріліп, түрлі ауылдарда 20-дан астам кіші футбол алаңшалары ашылды.
Биылғы жылдың 24-26 қараша күндері аралығында Түркістан қаласында қазақ күресінен Қ.Мұңайтпасұлының жүлдесіне арналған Әлем кубогі өтті.
Әлемнің кіл мықтылары жиналған бәсекеде Тугушов Рузимон 55 келі салмақ дәрежесінде өзіне қарсылас шақ келтірмей жүлделі бірінші орынды жеңіп алды.
Ал, Түркістан қаласында кіші футболдан «Әуесқой Футбол Лигасының» 2024 жылғы күз-қыс маусымы жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Бұл спорттық шара Түркістан облысының құрылғанына 6 жыл толуына орай өткізіліп, қаланың спорттық өмірінде ерекше орын алды. Жарысқа 78 команда қатысып, А, Б, С, Д топтары, «35+ Лига» және «Супер Лига» санаттарында тартысты ойындар көрсетті.
«35+ ЛИГА» ТОБЫНЫҢ ҚОРЫТЫНДЫСЫ:
1-орын: «Daily Food»
2-орын: «Marka kz»
3-орын: «Jamagat»
Үздік қақпашы: Акимжанов Фархад («Daily Food»)
Үздік қорғаушы: Қарашбаев Самат («Jamagat»)
Үздік сұрмерген: Төлебек Мардан («Daily Food»)
Үздік ойыншы: Бименов Уалихан («Marka kz»)
«СУПЕР ЛИГА» ТОБЫНЫҢ ҚОРЫТЫНДЫСЫ:
1-орын: «Yassi Gorod»
2-орын: «Bauyrlar»
3-орын: «AIDYN Energy»
Үздік қақпашы: Бикенов Фаррух («YASSI GOROD»)
Үздік қорғаушы: Әділ Пазылхан («AIDYN ENERGY»)
Үздік сұрмергендер: Вадим Афанасенко («Bauyrlar»), Сабиржанов Хасан («Marka kz»)
Үздік ойыншы: Парманов Нұрзат («YASSI GOROD»)
Марапаттау рәсіміне Түркістан қаласы әкімдігінің мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Мұсағалиев Қадырболат Қабдырұлы және қалалық мәслихат депутаты Худияров Ғалымжан Батырханұлы қатысты.