– Басқа-басқа жастарға жалқаулық жараспайды, — дейді Шәріпжан аға бізбен әңгімесінде ағынан жарылып. – Қанша тоқ болсаңыз да, еңбектен қашпау керек. Несібеңді еңбек арқылы ғана таба аласың. Ертеңін бүгін ойлаған адам, жұмыстан қашпайды. Егер жастар жалқау болса, оның ата-анасының кінәсі. Ерте жастан еңбекке араластырмай, керісінше жұмыс істетпеуге тырысады. Содан жалқау ұрпақ өседі. Жақында ғана бір ұрыс-керістің куәсі болдым. Бұзақы жігіттердің түнгі төбелесінен туындаған дау-дамайда әр ата-ана өз баласын қорғап жатыр. Баласы жақсы болса, түнгі төртте көшеде не тындырып жүр? Күндіз істейтін жұмысы жоқ, жатып алып ұйықтайды, сосын түнде ұйқы болмай, көшеде қаңғырып жүреді. Жұмыссыздықтың, жалқаулықтың салдары бұзақылыққа, қылмысқа апарып соғады.
Жалпы «Біздің ел бай», «Үкімет берсін, асырасын» дейтін ер-азаматтарға таң қаламын. Нағыз масылдық сана, жалқаулықтың шыңы осы шығар. Қазір бізде сан түрлі салаларда мамандар жетіспейді, кадрлар тапшы. Себебі, бір мамандықты толық игеруге, үйренуге талаптанушылар аз. Есесіне, шала мамандар көп.
Осы он бес гектарлық жермен қаланың қақ ортасынан үлкен ұлыма үш бөлмелі үй, екінші балама екі бөлмелі үй алып бердім. Олардың өзінің табысы да жетерлік, өз жұмыстары, айлық-жалақылары бар. Алайда, әкелері ретінде осы он бес гектарлық жердің табысынан үйлі-жайлы қылдым. Еңбектің табысынан бөлек, денсаулыққа да пайдасы көп. Үнемі қозғалыста жүрген адам көп ауырмайды. Өзің еккен өнімнің жемісін жегенде дүниенің ләззатын сезінесің. Қалаға қызығатын жастар көп, негізі бақыт та, байлық та, берекеде де далада ғой, далада. Жер-Ананы жұмыс істесең, сол бақытты да, байлықты да көресің.
– Осы шаруаның бәрі қалай басталды? Ауылда тұрып осындай кәсіп бастауға не түрткі болды? Және кәсібіңіздің оңға басуының сыры неде деп ойлайсыз?
– Мен бастапқыда 2016 жылы аудан орталығынан дәмхана ашқанмын. Сол асхананы жүргізуге, тамақты әзірлеуге ет керек болады. Сондықтан 70 қой сатып алдым. Ол қойға әрине, жем-шөп керек. Сол үшін егістік алқабына қажетті жер сатып алдым. Яғни мейрамхананың жұмысы жүйелі жүру үшін малды да, жерді де алдым. Егістік алқабында жүріп, өнімді өзге елдерге экспорттауды үйрендім. Сөйте жүріп, қауын-қарбыз егу шаруасына қарай ауысып кеттім. Кейіннен жергілікті тұрғындар, ауылдастарым реніш білдіріп «сен жақсы өнімді Ресейге жіберіп, қалдықтарды бізге бересің» дегесін, өнімді шетелге жіберуді тоқтаттық. Бүгінде ауданның барлық тұрғындары, ауылдағы ағайындар қолжетімді бағада бізден сатып алады. Құдайға шүкір, бір жылда 150 тоннадай өнім аламыз. Кәсіп деген осылайша қажеттілікке байланысты бір-бірінен туындап, екінші салаға көшіп отырасың. Әрине, шығын шықпай, табыс болмайды. Кейбіреулер кәсібін бастай салып, бірден табысқа кенелгісі келеді. Олай болмағасын, қолды бір сілтеп, ашқан кәсібін жауып тастай салады. Ол дұрыс емес. Алғашқыда ең кемі бес жылдай шығынды аямай шығарып барып, кәсіптің көзін табуға болады. Біздің ауданға қауын мен қарбыз Түркістаннан, облысымыздағы басқа да аудандардан келетін. Кейіннен «неге өзіміздің ауданда да осы өнімді егіп, өсірмеске» деген ой келіп, осы кәсіпке ауыстым. Менен кейін осы кәсіппен айналысатындардың қатары көбейді.
Аудандағы жастардың туған күн кештерін өткізетін жаңа үлгіде жасалған мейрамхана аз. Жастардың көбі қалаға барып өткізіп келеді. Сондықтан алдағы уақытта мейрамхана ашуды жоспарлап жүрмін. Жалпы, адамды екі нәрсе бағады. Дүние есігін ашып, іңгәләп келгеніңде ананың ақ сүті асырайды, ал өскеннен кейін Жер-Ана асырайды. Ол үшін ізденіп, талаптанып, сауатыңды ашу керек. Қай салаға барсаң да, ең алдымен сауаттылық керек. Үйде жатып алып, телефонға телміріп отырсаң, аш қаласың. Адамға еңбек керек, еңбек.
Құдайға шүкір, бүгінде жылына 6-7 миллион, яғни ай сайын 700-800 мың теңге табыс табамын. Осыған қанағат етемін. Менің асқазаным дұрыс жұмыс істемейді, бір көзім көрмейді, үшінші топтағы мүгедекпін. Бірақ, кәсіп қылып, еңбек етуіме мүгедектігім кедергі емес. Еңбектенсең, ең болмағанда қазаның майлы, дастарханың толы болады. Қазір сәбіз алсаңыз да, картоп алсаңыз да ақша төлейсіз. Соны өзіңіз ексеңіз, жыл бойы сатып алмай, жемісін жейсіз, шығыныңыз азаяды.
– Ерекше еңбекті талап ететін осы саланы, егістік алқабындағы тынбайтын тірлікті таңдағаныңызға өкініп, “әттеген-ай “ деген кездеріңіз болды ма?
– Ел-жұрттың бәрі маған қызығып қараса, еңбегімнің нәтижесін көріп отырсам неге өкінуім керек?! Ешқашан өкінбегенмін, өкінбеймін де. Керісінше, кейде егістік алқабына келіп, таза ауамен тыныстап, миымды тынықтырып аламын. Істеп жүрген ісіңе, нанын жеп, суын ішіп отырған кәсібіңе, мамандығыңа өкінуге болмайды. Кәсіп бастаған көп жас балаларға әрдайым ақылымды айтып отырамын. Шыдам керек, төзімді болу қажет. Табысқа кенелу үшін, барыңды салып, маңдай теріңді төгу керек болады. Бастадым, байыдым деген нәрсе жоқ. Шүкір, осы кәсіп арқылы біреуден ілгері, біреуден төмен келе жатырмыз. Жер-Ананың киесі сол шығар, өзімді ғана емес, ұрпағыма да жемісін жегізіп, шарапатын беріп отыр. Сондықтан, өкінбеймін. Керісінше, қуанамын.
– Көп табысқа кенеліп, мол өнім алу үшін қандай да бір басты ережелер, қағидалар бар ма? Кәсіп бастаған оқырман жастарға кеңес болсын, осы туралы тарқатып айтыңызшы.
– Жұрттың бәрі кәсіп ашып, табықа кенелгісі келеді-ақ. Бірақ, бәрінің тасы өрге домалай бермейді. Алдымен, білім мен сауаттылық керек. Салаға қатысты барлығын білу, кез келген техниканы меңгеру керек. Топырақтың құрылымын, суғару әдісін, баптауды, барлығын дұрыс білу қажет. Барлығы біліміңе байланысты. Мен Өзбекстандағы биология ғылымдарының докторы Әлішер Тураевтың сабағына екі жыл бойы үздіксіз қатыстым, білімімді жетілдірдім. Егінді егуге дейінгі жұмыстар, топырақтың түрін анықтау, өнімді баптау сияқты көптеген нәрселерді үйрендім. Көптеген кәсіпкерлерге білімді жетілдіру, іздену жетіспейді. Алдымен, кәсіптің дөңгелеп кетуіне жағдай жасау керек. Сонда ғана өзіңнің жағдайыңды жақсарта аласың.
Марғұлан Сейсенбаев дейтін кәсіпкерді танымайтын қазақ кемде-кем шығар. Сол кісі мектеп бітіре салып үш жыл қой баққан. «Сол үш жыл мені адам қылып шығарды, тәрбиеледі» дейді. Еліміздегі алғашқы миллионерлердің бірі сол кісі. Қойшы болып бастап, үлкен кәсіптерге шықты. Кейіннен аяғын шалушылар көбейіп, бүгінде орта деңгейдегі кәсіпкер болып отыр. Алайда, талапшылдығы, еңбекке деген адалдығы оның атын тұтас елге танытты. Қарапайым ауылдан шыққан қойшы баланың адал еңбегі қазіргі жастарға да үлгі болса екен деймін. Басты қағида, жұмысты ауыр-жеңіл деп бөлмей, еңбекқор болу.
– Ашық әңгімеңізге көп рахмет. Еңбегіңіз әрдайым жемісті бола берсін!
Әңгімелескен — Аида ӨТЕП
Фото: Tengrinews.kz