Сауран ауданының құрылғанына 3 жыл толуына орай ұйымдастырылған жайдарман ойынына Кентау және Түркістан қалаларынан және Шардара, Созақ, Сауран ауданынан жалпы 7 команда қатысып, өз өнерлерін ортаға салды. Шараны Сауран ауданы әкімінің орынбасары Е.Жанғазиев және Сауран аудандық маслихатының депутаты Х.Шарапов ашып, қатысушы командаларға сәттілік тіледі.
Ойынға Сауран ауданы маслихатының депутаты Х.Шарапов, «Tukistan TV» телеарнасының жүргізушісі Н.Нұрзілда, қоғам белсендісі Г.Өстемірқызы, Сауран ауданы «Жастар ресурстық орталығы» КММ басшысы А.Дүйсенбекова қазылық етіп, ойыншыларға әділ бағаларын берді.
Белсенді, жалынды жастардың қызыққа толы ойыны нәтижесінде бірінші орын «Жеңіс» командасы — Кентау қаласы иеленді. Екінші орын «Absalut» командасы — Түркістан қаласына бұйырды. Үшінші орында «Байдың қыздары» Шардара ауданы алды. “Плагиат” командасының ойыншысы Серікбаев Қуат “Үздік ойыншы” номинациясымен және барлық қатысушы командалар үздік ойын көрсеткендері үшін Сауран ауданы әкімінің арнайы алғыс хатымен марапатталып, жеңімпаздарға қаржылай сыйлықтар табысталды.
Сондай-ақ, отбасы құндылықтарын дәріптеу, әр отбасындағы әкенің рөлін нақтылап, бала бойындағы тұлғалық қасиеттерді қалыптастырудағы әкенің орнын насихаттау мақсатында ауданда «Әке – шаңырақтың тірегі” атты жас әкелер арасында байқау өтті. Байқауға 15 үміткер өтінім беріп, іріктеу кезеңінен өткен 8 үміткер сынға түсіп, 5 қатысушы жүлделі орынға ие болды.
Қағида шарттары мен талаптары бойынша байқауға 23-30 жас аралығындағы жас әкелер қатысып, екі кезең бойынша өнерлерін көрсетті. Сонымен қатар, қазылар алқасы үміткерлердің сахна мәдениетіне баса назар аударды.
Аудандық “Әкелер” мектебінің төрағасы, ардагер Е. Жарылқасын, ауданның мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің бас маманы Е. Назаров, жастар және балалармен жұмыс бөлімінің меңгерушісі Е. Абсахов құралған қазылар алқасы төмендегідей жүлделі орындармен қатысушыларды марапаттады.
Атап айтқанда, бас жүлдені Әлімтау ауылдық округінен Алпыс Елдос,
І орынды Ақжар ауылдық округінің тумасы Азамат Одилов,
ІІ орынды Жартытөбе ауылдық округінен Кәмілжан Омаров,
ІІІ орынды Жібек жолы ауылдық округінен Мәлікаждар Қуаныш иеленіп, аудан әкімінің арнайы дипломдарымен марапатталып, бағалы сыйлықтар табысталды.
Ал, Түркістан облысында ҚР Қаржылық мониторинг Агенттігі мен «AML ACADEMY» Қаржылық мониторинг академиясының ұйымдастыруымен «Заң мен тәртіп. Экономикалық қауіпсіздік» атты ерекше форум өтті.
Форум барысында облыс аумағындағы аудан, қала жастары арасында ұйымдастырылған интеллектуалды ойында Сарыағаш аудан жастарынан құралған «Kонина Pоwer» командасы жүлделі ІІ орынды жеңіп алды.
Жиын қорытындысы бойынша облыс әкімінің қатысуымен өткен гала концертте жеңімпаздарға арнайы дипломдар мен бағалы сыйлықтар табысталып, іс-шара концерттік бағдарламамен жалғасын тапты.
Айта кетсек, форумның басты мақсаты – қоғамда заң мен тәртіпті нығайту және экономикалық қауіпсіздік мәселелеріне назар аудару болып табылады.Сонымен қатар, аталған форум қаржылық сауаттылықты арттыру, экономикалық тәуелділікпен күрес және жастардың құқықтық мәдениетін дамытуға бағытталған.
Тағы бір айтары, Ордабасыда «Театр – өмір айнасы» атты халықтық және үлгілі театрлар байқауы өз мәресіне жетті. Үш күнге созылған байқауда 17 қойылым көпшілік назарына ұсынылды. Жиында Ж.Шанин атындағы Шымкент қалалық академиялық драма театрының режиссеры Бекболат Құрманғожаев, Қ.Жандарбеков атындағы Жетісай драма театрының бас суретшісі Бақыт Срайлов, Р.Сейтметов атындағы Түркістан қаласының сазды драма театрының директоры Арман Алиев және облыстық мәдениет және халық шығармашылығы орталығының көркемдік жетекшісі Асылхан Темірхан мен мәдениет саласының ардагері Құрманәлі Жылқыбай қазылық жасады.
Нәтижесінде бас жүлдені «Келес» халық театры жеңіп алды. Ал, жүлделі 1-орынды Шымкент қаласынан келген «Думан» халықтық жастар театры, 2-орынды «Темірлан» халық театры, «Сайрам» аудандық қазақ халық театры мен Сарыағаш аудандық Халықтық драма ұжымы иеленді. Жүлделі 3-орынды Ордабасы аудандық мәдениет үйі жанынан құрылған «Жас толқын» балалар мен жасөспірімдер Үлгілі театры, «Шардара» халық театры, «Асықата» халық театры мен «Отырар» халық театрлары ие болды.
«Бабалар дәстүрі – тәрбиенің бастауы» атты байқау Түркістан облысында жыл сайын дәстүрлі түрде өткізіліп, облыстың барлық аудан, қаласында жалғасын тауып, жастарға үлгі-өнеге көрсететін ұлттық патриоттық іс-шараға айналып кетті.
Міне, «Бабалар дәстүрі – тәрбиенің бастауы» атты байқау биыл да ұйымдастырылды. Шараның ашылу салтанатына облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаев қатысып, ұлттық құндылықтарды насихаттауда байқаудың маңызы жоғары екенін айтып, қатысушыларға сәттілік тіледі.
– Өздеріңізге белгілі, қазақ халқы әлемдегі салт-дәстүрге бай халықтардың бірі. Тәрбиелік маңызға ие бұл байқауды, жыл сайын дәстүрлі түрде өткізуді қолға алдық. Облыстың барлық аудан, қаласында жалғасын тауып, жастарға үлгі-өнеге көрсететін ұлттық патриоттық іс-шараға айналып отыр. Халық арасында бабалар тәрбиесінің ізгі мұрасын бүгінгі өскелең жастарға насихаттау әрбіріміздің өшпес парызымыз. Осыған орай, бүгінгі байқау үлкен мәнге ие. Әдет-ғұрыпымызды дәріптейтін осындай жобалар көп болып, ұрпақ санасы серпіле берсін, – деді Ертай Кенжебекұлы.
Шараға аудан, қалалардан жалпы саны 20 команда қатысып, бақ сынады. Ата-бабамыздың салт-дәстүрлері халықтың рухани өзегі, мәдениетінің дінгегі, тілінің тірегі. Осы құндылықтарды кеңінен дәріптеу мақсатында қолға алынған шарада қазылар алқасы 20 топтың дайындығын 2 кезең бойынша байқады. Алғашқы кезең ұмытылып бара жатқан салт-дәстүр бойынша, бүгінгі ұрпақ тәрбиесі мен ел бірлігіне өте қажет деген отау көтеру, тәрбие, отбасы, тұрмыс дәстүрлері, еңбек дәстүрлері сахналық қойылымдар үйлесімін тауып көрермен назарына ұсынылды.
Ұлтымыздың дәстүрлерін әділ қазылар алқасына тереңінен жеткізіп, көрерменге көрініс барысында толыққанды сипаттап берді. Ал екінші кезеңде ұлттық қадір-қасиеттерді дәріптеді. Қазылар алқасының шешімімен Бас жүлде Арыс қаласына бұйырды. Жүлделі 1-орынды Қазығұрт пен Төлеби ауданы, жүлделі 2-орынды Түркістан қаласы, Шардара мен Сарыағаш ауданы, жүлделі 3-орынды Жетісай, Созақ, Түлкібас аудандары иеленді. Байқау жеңімпаздарына қаржылай сыйлықтар табысталды.
Айта кетейік, облыс әкімдігінің қолдауымен өткен байқаудың мақсаты – ұмыт қалған салт-дәстүрді қайта жаңғыртып, шешендік сөздердің қуатын ұрпақтың бойына сіңіру. Түркістан облыстық Ақсақалдар алқасының бастамасымен, байқау биыл екінші рет өткізіліп отыр. Ұйымдастырушы – «Серпіліс» қоғамдық қоры.
Халқымыз ежелден «Отан – отбасынан басталады» деп шаңырақтағы шаттыққа, жарымен жарасым табуға, жасыл құрақтай жайқалған ұл-қызына тәлім-тәрбие беруге, ағайын-туғанның арасында сыйластық орнауына айрықша мән беріп, отбасы құндылықтарын сақтап келеді.
Сайрам ауданында мемлекеттік отбасылық саясатты жүйелі жүргізуге бағытталған әлеуметтік нысандар қатары толыға түсті. Бүгін ауданға қарасты Қарасу ауылында «Сайрам аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі» мемлекеттік мекемесінің «Отбасын қолдау орталығы» ашылды.
Бұл коммуналдық мемлекеттік мекеме биылғы жылдың шілде айында мемлекеттік тіркеуден өтіп, орталықта 25 штаттық бірлік бекітілген. Бір қабатты ғимаратта орналасқан мекемеде қазіргі таңда 10 кабинет бар.
Айта кетейік, Сайрам ауданының әкімі Арман Сәбитұлының қолдауымен ашылып отырған бұл орталықтың ішінде кәсіппен айналысамын деген тұрғындарға қысқамерзімді тігін, шаштараз, аспаз секілді арнайы курстар оқытылады. Сонымен қатар, бүлдіршіндер үшін ойын бөлмелері бар. Мұнда психолог, логопед, социолог мамандар жұмыс істейді.
Фото: Сауран ауданы әкімдігі